Отбасында ұрыс шығарған адам енді үйіне кіргізілмеуі мүмкін — Қазақстан жаңалықтары
Парламент мәжілісінің палата депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарастыруға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Аталған заң жобасы Парламент депутаттары бастамасымен ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық ортада құқық бұзатындардың жауапкершілігін қатайтуға қатысты тиісті шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты әзірленген заң жобасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алу мәселесіне айрықша назар аударылды. Осы орайда, заңнаманың мақсаттары мен міндеттері және қағидаттары күшейтілді», — деп мәлімдеді Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова.
Сөзінше, қазір осы мәселеге байланысты бірқатар шараларды жүзеге асыру қолға алынған.
«Сонымен бірге, отбасында жанжал шығарушылардың мінез-құлқын психологиялық әдістермен түзеудің, қоғамдық бақылау институтын енгізудің тетіктері қарастырылуда. Бұған қоса, полицияның зорлық-зомбылықтың кез келген фактісіне жедел әрекет ету бойынша жауапкершілігі күшейтілуі, сондай-ақ қайғылы жағдайлардың орын алуын болдырмау үшін отбасында өктемдік жасаушыны тұрғын үйден уақытша шығару жөніндегі норма көзделді. Комитет заң жобасымен жұмыс істеуге және 2020 жылғы 23 қыркүйекке дейін қорытынды әзірлеуге дайын», — деді Г. Әбдіқалықова.
Атап кетерлік жайт, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын жұмысқа алыпты.
stan.kz