Белгісіз біреулер 13 миллион теңгені ұрлау үшін Нұр-Сұлтан тұрғынын аңдыған

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Зардап шеккен ер адам өзін біреулер аңдып жүрген деп болжап отыр, полиция қызметкерлері күдіктілерді іздеуге кірісті

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер астаналық банктердің бірінен алынған ірі көлемдегі ақшаны көліктен ұрлап кетті. Оқиға сейсенбі, 3 наурызда Абай даңғылы мен Ғабдуллин көшесінің қиылысында болды.

«Сағат 10.30 шамасында бір досым өзінің депозит шотынан ақша алды. Ол ақшаны мен Министрліктер үйінің маңынан алып кеттім. Жол бойы бірнеше жерге соқтым. Абай даңғылында аялдап, төрт минутқа асханаға кіріп шықтым. Қайтып келіп, жолаушы есігінің әйнегі сынғанын көрдім. Салондағы 13 миллион 500 мың теңге салынған барсетка жоғалды», — дейді жәбірленуші.

Содан ер адам кетіп бара жатқан автокөліктің соңынан қуады.

«Қаскүнемдер Ресей нөмірін таққан Lada Priora көлігімен менен қашып кетті», — деп атап өтті жәбірленуші.

Ол бұл көлікті ақшаны алған кезде көргенін айтады. Ер адам өзін аңдып жүріп, көлікте ешкім болмайтын сәтті күтіп,  ұрлық жасағанына сенімді.

Оқи отырыңыз: Банк қызметкері 87 миллион теңгені қымқырып, шетелге қашып кетті 

Ер адам полицияға шағым түсірді. Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл факт Қазақстан Қылмыстық кодексінің 177-бабының төртінші бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін түсіндірді.

«Күдіктілерді іздеу жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады полиция.

Егер күдіктілер ұсталып, кінәсі дәлелденсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.



sputniknews.kz