Сайрагүл Сауытбай батылдық үшін берілетін халықаралық сыйлыққа ие болды

0

«Батылдық үшін» халықаралық сыйлығын алған 12 әйелдің ішінде этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай бар

АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай «Батылдық үшін» халықаралық әйелдер сыйлығының иегері атанды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми сайтында жазылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

3 наурызда 2020 жылы «Батылдық үшін» халықаралық сыйлығын алған әйелдердің аты-жөні жарияланды. Арасында этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай да бар.

«2017 жылдың қарашасы мен 2018 жылдың наурыз айы аралығында Қытай коммунистік партиясы Сайрагүлді қамау лагеріндегі этникалық топтарға қытай тілін үйретуге мәжбүрледі. Лагерьге қамалудан қорыққан ол 2018 жылдың наурызында Қазақстанға қашты. Егер лагерьге қамалса, тірі қалмайтынын айтты. Сайрагүл Сауытбай Қытай комунистік партиясының мұсылмандарды қудалауы жайлы алғаш айтқан адамның бірі. Сол арқылы халықаралық қауымдастық алғаш рет Қытай коммунистік партиясының мұсылмандарды қудалау туралы саясатын білді», — делінген ақпаратта.

Қазір Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияда тұрып жатыр.

АҚШ мемлекеттік департаменті «Батылдық үшін» халықаралық сыйлығын ерекше батылдық пен көшбасшылық көрсеткен және бейбітшілік, әділеттілік, адам құқығы мен гендерлік теңдікті насихаттайтын әйелдерге береді.

Сайрагүл Сауытбайдың ісі

Этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай 2018 жылдың мамырында отбасымен қауышу үшін Қытайдан қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен болатын.

Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай ұл-қызымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келуді жоспарлаған. Алайда Сайрагүл Қытайда құпия саналатын «саяси қайта тәрбиелеу орталықтарында» жұмыс істегендіктен, «мемлекет құпиясын әшкерелемеу» туралы қолхат берген.

Қытай оны тарихи отанына жібермеу үшін төлқұжатын тартып алған. Осылайша, қазақ келіншегі Қытайда қалды, ал жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтығын алып, атажұртқа оралады.


©
Sputnik / Айгерім Таубай

Сайрагүл Сауытбай балаларымен

2018 жылдың 1 тамызында Алматы облысының Панфилов аудандық соты этникалық қазақты 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмады.

Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанда «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілді, алайда «босқын» мәртебесі берілмеді.

Сайрагүл Сауытбай 2019 жылдың 3 маусымында Алматыдан Швецияға ұшып кетті. Күйеуі және екі баласы Қазақстан азаматтығынан бас тартқан жоқ.



sputniknews.kz