Ұлы адамның ұлт туралы толғауы
Қазақтың жаңа тарихында екі сілкініске ерекше тоқталамыз. Біріншісі, ұлы Мұхаң, Мұхтар Омарханұлы Әуезов өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында өзінің атақты «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» атты мақаласын жариялаған болатын. Бұл шын мәнінде дүйім елді дүр сілкіндірген жаңалық болды. Неге?
Неше түрлі тар жол тайғақ кешулерді бастан өткеріп, есін енді жия бастаған қазақ қоғамы бұдан былайғы жерде осындай бір бағдарламалық дүниеге зәру екенін жас та, жасамыс та сезіп жүрді. Дәл осы кезде Мұхтар Омарханұлының аталмыш толғауы сол кезде халыққа қалай әсер етсе Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлтымыз үшін бұлтты түні қараңғыны жарып шығып, жарқ ете қалған он бесінен толған айдай дүние болды.
Бұдан кейін мақсат айқын, бағдар анық. Қазақ ендігі жерде егемендігінің расында да баянды екеніне имандай сеніп, ештеңеге, ешкімге алаңдамай, жасқанбай, жасымай, ақ жүзбен, абыроймен алға нық қадам жасауы тиіс. Енді жалтақтайтын, жарамсақтанатын, бүгежектейтін ештеңе жоқ. Біз өз тарихы бар елміз. Көне тарихы бар халықпыз. Бұл – біз өз болашағына сенетін елміз деген сөз.
Тарихсыз ел болмайды. Ол тарих тасқа жазыла ма, қағазға түсе ме, не болмаса белгілі бір себептермен жазылмай қала ма, бірақ қалай болғанда да түптің түбі жерді тесіп, тасты жарып шығатын қырдың жусаны секілді қайта көктейді. Ешқандай дауыл, ешқандай топан оны тоқтата алмайды.
Аулақпыз атасы арзан
болжамдардан,
Жұртында әр ғасырдың
олжаң қалған.
Жамағат, біздің тарих
алтын шынжыр,
Әр жерден, жиі үзіліп көп
жалғанған,
дейтініміз сондықтан.
Тарихты дұрыс жазбайтын кезеңдер болады, ол аз десеңіз тарихты бұрыс түсіндіру, бұрмалап көрсету басты бағытқа айналған замандар болады. Бірақ халыққа өз тарихын ұмыттырамын деген талпыныстардың қай қайсысы да ақыр түбі арбадан түсіп қалады. Ал көш алға қарай тарта бермек. Иә, өкінішке қарай тарихтың көптеген көне беттері кейде көш алысқа ұзап кеткен соң ашылады. Бірақ, әйтеуір ерте ме, кеш пе ашылады. Жабылып қала бермек емес.
Қазақты түсіну үшін оның өткен замандарда басынан кешкен кезеңдерін сана елегінен қайта өткізуіміз керек. Ештеңеге кіріптар емес, ешкімге тәуелмен емес жаңа қазақтың санасын қалыптастыру үшін жазылған дүние бұл. Біз бұдан былай дүниеге санасы таңның таза нұрымен шайылған жарқын ұрпақтың, жасампаз халықтың көзімен қарайтын боламыз. Біз ешкімнен кем емеспіз, артық та емеспіз. Біз тең атаның балаларымыз. Басқа елдерге озып кеткен жұрт деп емес, тарих көшіндегі үзеңгі жолдас деп қараймыз һәм бағалаймыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мақаласы расында да кезекті бір келелі кеңес қана емес, нағыз ұлы адамның ұлт туралы толғауы деп түсінеміз.
Есенғали РАУШАНОВ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты