Қазақстан қиын сәтте Қытайдың әрекетіне жан-жақты қолдау білдіреді

0

Мемлекет басшысы Қытайдың коронавирусты ауыздықтау үшін атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалап, Қазақстан осы індетпен бірлесіп күресуге ниетті екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай компартиясы орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Ян Цзечимен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

Ян Цзечи Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытай басшылығының коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес жөнінде қабылдаған шаралары туралы баяндады. Мемлекет басшысы Қытайдың індетті ауыздықтау үшін атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалап, Қазақстан осы індетпен бірлесіп күресуге ниетті екенін айтты.

«Осындай қиын сәтте Қазақстан Қытай басшылығының нақты әрі табанды іс-әрекетіне жан-жақты қолдау білдіреді. Төраға Си Цзиньпиннің өзі айтқандай, бұл қытай халқының соңғы жылдары бастан кешіп отырған ең қиын кезеңі. Өмірдің әртүрлі кезеңдерінде кездесетін осындай ауыртпалықтармен бірлесіп күресеміз деп ойлаймын. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту және нығайту жолында алға қадам баса береміз», – деді мемлекет басшысы.

Кездесу барысында қазақ-қытай байланысын нығайтудың перспективалары, сондай-ақ, екі елдің халықаралық аренадағы ықпалдастығы талқыланды. Ян Цзечимен Қытай төрағасының сәлемін жеткізді. 

Тағы оқыңыз: Қытай Қазақстанға өтініш білдірді

Еске сала кетсек, өткен жылы қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға алғаш рет мемлекеттік сапармен барған болатын. Бұл сапар қытай-қазақ қатынастарына тың серпін берді.

Айта кетсек, мемлекет басшысы коронавирусқа байланысты халықаралық әйелдер күніне орай жоспарланған салтанатты жиын мен мерекелік концертті өткізбеу туралы шешім қабылдады.

Қазақстанда бұл вирусқа шалдыққандар тіркелген жоқ. 



sputniknews.kz