Әйеліне бензин құйып өртеген ер адам сотта не деді? — Қазақстан жаңалықтары

0

Елордада әйеліне бензин құйып өртеген ер адам сот алдында жауап бере бастады. Прокурорлар сотталушыны мұндай адам шошырлық іске алдын ала дайындалған дейді. Бірақ күдікті бұл айыппен келіспейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арансына сілтеп.

әйелін өртеген

Оқиға былтыр 6-шы қазанда болды. Прокурордың сөзіне сенсек, күдікті Сапарбек Өмірбеков елорданың шеткері ауданы маңына әйелін апарып, үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Бұл іске ол алдын ала дайындалған.

«Өмірбеков Нұр-Сұлтан қаласы Тілендиев көшесінің бойында орналасқан «Сәлем» базарына барып, екі литр көлемінде тез тұтанатын бензин қалпындағы жанармайды алдын ала сатып алған. Тез тұтанатын бензин қалпындағы жанармайын қолына алып, қақпағын ашып, Урзабекованың басынан төмен қарай шашып төккен», — деп мәлімдеді прокурор Алмат Сембі.

Сөйтіп қылмыс орнынан із суытқанымен, кейін полицейлерге өзі беріліпті. Сол арада күдікті туысқанына да телефон шалған. Жан жарын о дүниелік қылғанын да айтып берген. Ал жәбірленуші ретінде отырысқа келген марқұмның інісі отбасылық жанжалдың бұған дейін де болғанын жасырмады.

«Алдында әпкемді ұрып-соққан, мұның алдында да сондай жағдайды істемекші болған. Әпкем маған айтты: «бір мәрте мені қылқындырып өлтіргісі келді» деген болатын», — деді марқұмның інісі Батырхан Урзабеков.

Ал Урзабекова Қаракөздің ағасы Асқар  күйеубаласының жазасын жеңілдетуге жасаған қитұрқы әрекетін жайып салды. Оның сөзінше, Сапарбектің құжаттарында «психикалық ауытқуы бар» деген анықтама көрсетіпті. «Ол – жалған» дейді.

«Сәл жеңіл болады деп істеген ғой. Мен бұны байқап қалдым. Байқамағанда, психикалық ауруымен ауырады деп іс бітіп кететін еді. Оны кейін дәлелдей алмаймыз. Мен адал, қатаң түрде өз жазасын алсын деймін», — деді марқұмның ағасы Асқар Урзабеков.

Естеріңізге сала кетейік, алтыншы қазан күні үстіне бензин құйып, денесінің 75 пайызы жанып кеткен әйел төрт тәуліктен соң көз жұмды. Уақытша қамауда отырған алты балалы әке Сапарбек Өмірбеков «аса қатыгездікпен адам өлтірді» деп айыпталып отыр. Қылмыстық кодекстің 99-бабымен сотталушы 15 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Қоғамның үрейін туғызған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралуда. Ендігі сот жарыссөзі 11 наурыз күні өтеді. Ол кезде сотталушының өз нұсқасы тыңдалады.

stan.kz