Қуаныштың көз жасы: Алматы облысында үйлері өртеніп кеткен отбасыға кәсіпкерлер пәтер сыйлады — Қазақстан жаңалықтары
Баспанасы өртеніп, жеті баласымен далада қалған ерлі-зайыптылар күтпеген көмекке кенелді. Айдың — күннің аманында үйсіздер қатарына қосылған жандарға қайырымды кәсіпкерлер жомарттық танытты. Көпбалалы отбасы енді алты бөлмеде қуанышты күндерін бірге өткізбек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қыстың соңғы айында 7 баласымен далада қалған Шенгелбаевтар отбасы Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов аулында осы бір бөлмені жалдап тұрған. Абырой болғанда, пәтерлерінен өрт шыққанда үйде ешкім болмаған. Өрттің шығу себебі электр жарығы сымдарының тұтануынан шыққан деген болжам бар. Тілсіз жау жалмаған үйдің бүгінгі көрінісі осы. Тек қаңқасы ғана қалған.
Араға көп күн салмай облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен жеке кәсіпкерлер бұл отбасына 6 бөлмелі баспананың кілтін табыстады.
Әркімнің босағасында, 13 жыл пәтер жалдап келген бұл отбасының бүгінгі қуаныштарында шек жоқ.
«7 баланың әкесі, шешесіміз. Қуаныштымын!. Облыс әкімі Амандық баталов ағамызға рахмет, Жомарт ағамыз, Жолан ағамы, Асыл ағамызға, бүкіл халқыма рахмет айтамын, көп-көп!. Бәрінің отбасында осындай қуаныш, бақыт болсын деп тілеймін», — дейді Талғар ауданының тұрғыны Бауыржан Шенгелбаев.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, осындай игі істің көпшілікке үлгі болары шүбәсіз.
«Амандық Ғаббасұлының тікелей тапсырмасымен, қадағалауына сәйкес, осы кіслер үйлі болды. Орталықтандырылған газ құбыры, суы бар, моншасы бар, погребі бар үлкен 6 бөлмелі үй алып беріп жатыр. Мектептің қасында 500 метр жерде орналасқан. Бұл енді өрт болғаннан кейін балаларды далада қалдырған жоқпыз», — Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров.
Кішкентай жүректерімен болған жайтты түсініп, ата-ана, бауырлары үшін шынайы қуанып, тіпті көз жастарына да ерік берді.
«Халыққа рахмет айтамыз!. Қанша күннен бері қолдап бізді, қай жағынан болсын бізді қамтамасыз етіп жатыр. Көп рахмет, қуаныштымыз!» — Талғар ауданының тұрғыны Ботагөз Байтоқова.
13 жыл жалдамалы пәтерде тұрса да, сағы сынбаған отағасы мен отанасының, дүниеге әкелген 7 баланың несібесі осы пәтер болды. Бастысы — төрт көздеріңіз түгел, балақайлар жылы үйде дейді көпбалалы ата-ана.
stan.kz