Құқық қорғаушылар «Ағаділ денесіндегі азаптау іздері» туралы ақпаратқа түсініктеме беруді талап етті
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің денесіндегі «азаптау іздеріне» қатысты түсініктеме беруді талап етті. 28 ақпанға қараған түні әлеуметтік желіде марқұмның денесіндегі «жарақат» туралы видео тараған еді.
«Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина интернетте пайда болған видео Ағаділдің өлтірілгенін дәлелдейді деп жазып, оның қазасын «саяси өлім» деп атады.
Норвегиялық Хельсинкі комитетінің өкілі Ивар Дейл де Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторына қамағаннан кейін Ағаділді ұрып-соққан болуы мүмкін деп санайды. Құқық қорғаушы Twitter-дегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәселені түсіндіруін сұрады.
Президент Тоқаев 25 ақпанда кешке үйінен әкетіліп, бір күн болмай жатып тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсендінің өліміне байланысты осыған дейін пікірін айтқан жоқ.
Сараптамаға қатысып, Ағаділдің денесін көрген сот медицина сараптамасының өкілі Руслан Сатыбалдиев «дерек құпиялылығы» туралы құжатқа қол қойғанын айтып, пікір айтудан бас тартты. Қазақстанның бас прокурорының бас көмекшісі Дархан Дүйсенбай Азаттыққа прокуратура бұған байланысты түстен кейін түсініктеме береді деді.
Полицияның айтуынша, белсенді «жүрек талмасынан» қайтыс болған. Сейсенбі күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров «белсендінің денесінде зорлық-зомбылық іздері анықталмағанын» хабарлаған.
Қоғам белсенділері биліктің мәлімдемесіне күмән келтіреді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз сараптама жүргізілуі тиіс дейді.
25 ақпанда Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның түрлі қалаларында наразылық акциялары өтіп, жиналғандар бұрынғы президент, ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етті. Бұға қоса, оның айналасындағы адамдар, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та қызметінен кетсін деген талап айтты.
25 ақпанда Нұр-Сұлтанда белсендінің өліміне байланысты ішкі істер министрлігінен түсініктеме талап етіп, жолды жабуға тырысқан ондаған адам ұсталды. Кейінірек босатылды. 27 ақпанда Талапкер ауылындағы жерлеу рәсімінен кейін Нұр-Сұлтанға барып, белсенділерді босатып, реформаны талап етуге тырысқан жиырмадан астам адам ұсталды.