АҚШ Қырымды Ресей аумағы деп ешқашан мойындамайды

0

Вашингтон Қырым түбегін иемденгісі келген Мәскеудің әрекетін ешқашан заңды деп танымайды деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

«2018 жылы шілде айында қол қойылған Қырым декларациясында атап көрсетілгендей, АҚШ Ресейдің түбекті иемдену әрекетін ешқашан заңды деп мойындамайды. Біз Ресейді Қырымды оккупациялауын тоқтатуға шақырамыз. Алты жыл өткеннен кейін де Ресей заңсыз әрекетін заңдастыру үшін өтірік пен жалған ақпаратқа иек артып келеді. Оның талпынысы сәтсіз аяқталмақ» деді Помпео.

Ол сонымен бірге халықаралық қауымдастық Ресейдің Украина аумағына басып кіруін ешқашан қолдамайды деді.

«АҚШ Ресейдің Қырымдағы заңсыз әрекетін және Украинаға қарсы агрессиясын (оның ішінде Донбас та бар — М.П) айыптайды. Украинаға Қырымды қайтармайынша және Минск келісім-шарты бойынша алған міндеттемелерін толығымен орындамайынша Ресейге салынған санкция күшінде қалады» деді ол.

Помпео мәлімдемесі жарияланбай тұрып бірнеше сағат бұрын Украина президенті Владимир Зеленский бұйрық шығарып, 26 ақпанды «Ресейдің Қырымдағы басқыншылығына қарсылық күні» деп жариялаған.

Оқи отырыңыз: Украинада «Ресейдің Қырымдағы басқыншылығына қарсылық күні» жарияланды

2014 жылы Ресей Украинаның Қырым аймағын аннексиялап алған еді. Халықаралық ұйымдар Ресейдің бұл әрекетін заңсыз деп сынаған. Батыс елдері Қырым аннексиясынан кейін Ресейге санкция салған. Мәскеу Қырымды аннексиялап алғанын жоққа шығарады және мұны «тарихи әділдіктің орнауы» деп атайды. Украина шығысындағы қақтығыстан 13 мыңнан астам адам көз жұмған.

Azattyq