Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдейтін ірі зауыт салынады
Атырау обылысындағы Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдейтін ірі зауыт салынады. Зауыт өнімі ішкі және сыртқы нарықтарға шығарылмақ
НҰР-СҰЛТАН, 27 ақпан – Sputnik. Атырау облысына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы Асқар Мамин Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Қаржыландыру мәселесі, мемлекеттік қолдау шаралары, газ теңгерімі және аталған жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары баяндады.
Тағы оқыңыз: Газға қосылу үшін алматылықтарға пайызсыз кредит беріледі
Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу жобасын 2021 жылдың соңына дейін Атырау облысының Мақат ауданында іске асыру көзделген. Зауыт «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым және Ескене темір жол станциясынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде орналасады.
Жобалық қуаттылығы — жылына бір миллиард текше метр. Инвестор — «GPC Investment» ЖШС. Инвестиция көлемі — 860 миллион доллар.
«Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу еліміз үшін маңызды жоба. Ол кен орнында мұнай өндіруді 12 миллион тоннаға арттыруға, сондай-ақ құрылыс кезінде 2800 уақытша және пайдалануға берілген соң 600 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы зауыт өнімі ішкі және сыртқы нарықтарға шығатынын атап өтті.
«Өткен жылдың қазан айынан бастап біз аталған жобаны жан-жақты зерделедік. Бүгінгі отырысты зауыт салу туралы шешім қабылдайтын қорытынды жиын ретінде қарастыру қажет», — деді Мамин.
Сонымен қатар, Атырау облысына жұмыс сапары аясында премьер-министр мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен құрылғылар өндіретін кәсіпорындар — «Каспий Плюс», «International Pipeline Structure Solutions Caspian», «Caspian Contractors Trust Atyrau» ЖШС-терін аралады.
sputniknews.kz