Гүлнара Каримова билікке 686 млн доллар ұсынып, қамаудан шығаруды сұрады

0

Өзбекстанның бірінші президенті болған марқұм Ислам Каримовтің қамауда отырған қызы Гүлнара Каримова мемлекетке өзіне қозғалған қылмыстық істі жабу үшін 686 миллион доллар ұсынды

Каримова өтініш хатын елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзияевке жолдаған. Хаттың көшірмесін 25 ақпанда Instagram желісіне Каримованың Лондонда тұратын қызы Иман Каримова жариялады.

Гүлнара Каримова хатында денсаулығы нашарлап бара жатқанын, балаларын көп жыл бойы көрмегенін жазған. Ол «отбасы мен денсаулығын сақтау үшін барлық қаржыдан бас тартуға дайын екенін, істі жапса, 686 миллион долларды мемлекет пайдасына беретінін» жазған.

Өзбекстан Жоғарғы соты 8 қаңтарда Каримоваға қатысты жаңа іс қозғаған. Бұл іс бойынша оған «мемлекетке тиесілі екі цемент зауытының акциясын сатып алды және оны кейін шетелдік бизнесмендерге сатты» деген айып тағылған.

47 жастағы Каримованың ақша жымқыру күдігіне ілінген соң, Швеция мен Швейцарияда оған қатысты тексеру жүрген.

2014 жылы оны Ташкентте үйқамаққа алған. Ол кезде Каримованың әкесі тірі еді және ел басқарып отырған. Ислам Каримов 2016 жылы көз жұмып, оның орнына 13 жыл премьер-министр болған Мирзияев келген.

2017 жылы Каримованы сот 10 жылға түрмеге қамаған. Бірнеше айдан кейін үкім өзгеріп, жаза бес жылға қысқарды және Каримова үйқамаққа шықты. Былтыр наурызда ол үйқамақ тәртібін бұзды деп қайта қамалған.

Azattyq