«Соққыға жығылған» демпартия белсендісінің медициналық көмекке зәру екені хабарланды

0

21 ақпанда ұсталып, «митингіге шақырғаны үшін» (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 3-бөлік) 15 тәулікке қамалған «демпартия» белсендісі Жанбол Рахматулла медициналық көмекке зәру деп хабарлады оның ағасы Нұрбол Рахматулла Азаттық тілшісіне. Оның айтуынша, «21 ақпанда кешке жақын полиция оны ұстаған соң көлігінде оны ұрып-соғып, мұрны ісіп кеткен, содан бері оған медициналық көмек көрсетілмеген».

26 ақпанда Қаскелең қаласындағы тергеу изоляторында інісімен кездесіп шыққан Нұрбол Рахматулла інісінің жағдайы туралы Азаттық тілшісіне осылай деді.

— Тергеу изоляторына кірдім. Ол келді. Мұрны қатты ісіп тұрғанын байқадым. «Не себепті ісіп тұр» деп едім — өзін қалай ұстағанын айтып берді. Көлікпен алып кетіп бара жатқан кезде оны ұрған. Ақ жейдесінде қан қатып қалған. Ол осы күнге дейін кезекші прокурордың келмегенін, денсаулығын қал жағдайын білмегенін айтты, — деді Нұрбол Рахматулла.

Оның айтуынша, 21 ақпанда кешкі сағат 18:00 шамасында «Таугүл» ықшам ауданында 15-20 шақты полиция қызметкері келіп, «демпартия» құруды көздейтін бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамаймен бір ғимараттан шығып келе жатқан кезде оны бірден ұстап әкеткен.

— Оны ұрлап әкетті десе де болады. Күш көрсетіп, көлікке отырғызған. Алып кетіп бара жатқан кезде көліктің ішінде бір полицей оны қылғындырып тұрған. Екі полицей Жанболдың көзінің астынан ұрған. Мұрнынан ұрған. Төрт-бес рет қатты соққы тиген. Мұрнынан қан сауылдаған кезде өңешіне келген қаннан тұншығып, есін жоғалтуға аз қалады. Сол кезде ғана полиция мойнынан жіберген. Сол күні кешке соттан кейін медициналық сараптама жасалғанмен оған фамилиясын жазбаған, жәй нөмірлерді қоя салған. Сараптаманы өздері алып қалған (полиция — ред.). Онда не жазғанын біле алмай отырмыз, — дейді Нұрбол Рахматулла.

26 ақпанда бір топ «демпартия» белсендісі Қарасай аудандық прокуратурасына барып, шағым тапсырды. Нұрбол Рахматулланың айтуынша, прокуратура шағымды қабылдап, «жауабы дайын болғанда өздері хабарлайтынын» айтқан. Тергеу изоляторына кезекші прокурор жіберетінін айтқан.

26 ақпанда Азаттық тілшісі тергеу изоляторына бірнеше рет хабарласқанмен жауап ала алмады. Ал Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Әзірбек «сәл кейінірек хабарласуді» өтінді. Кейінірек ол телефон тұтқасын көтермеді.

Қарасай аудандық прокуратурасынан да жауап ала алмадық.

Sud.kz сайтындағы дерек бойынша, Жанбол Рахматуллаға Facebook-та 22 ақпан күнгі митингіге шақырғаны, осылайша «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағылғаны жазылған. Бірақ онда Рахматулланың дене жарақаты туралы айтылмайды.

22 ақпанда екі оппозициялық топ митинг орны деп жариялаған жерде полиция жүзден астам адамды ұстады. Арнайы жасақ пен полицейлер Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде, Шымкентте де адамдарды ұстады. Бұған дейін құқық қорғаушылар ұстау кезінде Алматыда екі адамның дене жарақатын алғанын хабарлаған.

Видео: Митингіде ұсталғандар полициядан «таяқ жегенін» айтады (24 ақпан 2020 жыл).

Ішкі істер министрі 22 ақпандағы «заңсыз митингіні» күшпен таратқанда 53 адам ұсталып, 10 адам әкімшілік жаза қолданылғанын мәлімдеді. Бірақ бұл деректің құқық қорғаушылардың дерегінен әлдеқайда алшақ екенін байқалады. Құқық қорғаушылар 22 ақпандағы бейбіт митинг кезінде «300-ден астам адам ұсталды» деп есептейді.

Azattyq