«Гарант 24» ломбардының шуы: Әнші Бағлан Әбдірайымов халықтан кешірім сұрады — Қазақстан жаңалықтары

0

Бірнеше күннен бері «Гарант 24» ломбардқа қатысты шу әлі басылар емес. Көптеген тұрғындар өнер адамдарының кесірінен алаяқтарға сеніп, сан соғып қалғандықтарын жеткізді. Сондай жарнамалардың бірін түсірген әнші Бағлан Әбдірайымов та ел алдына шығып, халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Гарант

«Менің жақын бауырым маған хабарласып, осы жарнамаға түсесің бе деп сұрады. Талдықорғанға жол тартып бара жатқан едім, сол себепті бас тарттым. Сосын досым қайта хабарласып, «міне, мынандай ақша ұсынып жатыр» деп айтты. Оған Алматыға келген соң жауабын айтамын дедім. Алматыға келмей жатып өздері қайта қоңырау шалды. Кеңседе жолығайық деп ұсыныс білдірді. Өзім көлік айдап жүрген соң көлікті арзанға алып, қымбатқа сату туралы естігенде қызығушылығым оянып кетті», — дейді өнерпаз.

Сөзінше, бұл әңгімеден кейін оның өнердегі әріптестері де осы жерде көліктерін сатқандығы жайлы естіпті. Оны білген әнші ұйымның жұмысы туралы күдігі сейілген.

«Өнер қырандарының» жігіттері де осында көліктерін сатқан екен. Ақшасын сол жерден алған. Қазақстанда 13 филиалы бар екендігін және басқа да ақпаратты тақтаға жазып тұрып көрсетті. Ол жерде Асылхан Төлепов те болды. Екеуміз отырдық. Сосын келісіп, басқасын қайдан, мен өзім көліктің жарнамасын жасап берейін деп айттым. Жарнама түсірдік», — деп қосты ол.

Әнші біраз күннен кейін түйсігі оянып, бір шикіліктің бар екендігін түсініпті. 

«Сосын мені шақырған жігітке хабарласып, өзімнің күдігімді айтып бердім. Ол мені таныс адамдар, барлығы дұрыс деп сендірді. Байқа, ертең ұят болмасын деп қойдым. Сөйтсек, мына жағдай орын алды. Шамамен 10 күндей болды ғой деймін жарнамаға түскелі бері», — дейді Бағлан Әбдірайымов.

Бұған қоса ол аталған жайттан кейін оқырмандар тарапынан реніш білдіріп жатқандарын да жасырмады. 

«Реніш, тіпті, жаман сөздер айтып жатқандар да бар. Әрине, олардікі өте орынды. Өзім — біреудің ала жібін аттауды құптамайтын адаммын. Сол себепті қатты ұялдым. Бірақ өзім де олардың құрбанына айналып, алаяқтарға сеніп қалдым», — дейді өнерпаз. 

Осы ретте Бағлан Әбдірайымов барша қазақстандықтар кешірім сұрады.

«Барлығынан кешірім сұраймын. Алмақтың да салмағы бар демекші біреуге кішкентай болса да ақшалай шығын келтіріп жатсам, ғафу өтінемін. Менде алданғандардың қатарындамын, десек те менде алаяқтардың арбауына түсіп елді алдауға себепші болғаныма қатты қамығып отырмын. Осы себепті бір тоқтамға келіп, алдағы уақытта ақшамның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсап отырамын деп ой түйдім», — деді әнші.

Сондай-ақ өнерпаз алдағы уақытта мұндай жағдайда тап болмау үшін халықты қаржылық сауаттылығын арттырып, өзіне екінші рет бір жерге жарнамаға түсуге шақырса, мамандармен тілдесіп барып келісімін беретіндігін қосты. 

Бұған дейін қазақстандық заңгер «Гарант 24» ұйымының арбауына түскендерге блогерлер мен әртістерді сотқа беруге шақырған еді. 



stan.kz