Астанада халықаралық IоT форумы өтуде
Фото: автор
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада халықаралық Internet of things форумы өтіп жатыр.
Шараға ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, шетелдік және отандық сарапшылар қатысуда.
Форумда ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде қолдану мәселелері талқыға салынады.
Шараны ресми түрде ашқан Динара Щеглова ақпараттық технологиялардың адам өмірінде маңызды рөлге ие болғанын мәлімдеді.
«Бүгінгі форум тараптар арасында ғылыми-техникалық, инновациялық және IT саласында да байланысты нығайтуға үлес қосады деген үміттеміз. Қазіргі таңда интернет өнімдері әлемде қарқынды дамып келе жатқан технологиялардың қатарында. Оған жеке және мемлекеттің қомақты инвестициясы тартылуда», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, Gartner компаниясының есебіне сәйкес, 2018 жылы бірыңғай желіге қосылған интернет өнімдерінің үлесі 4,9 млрд затты құраған екен. Ал 2025 жылы аталған көрсеткіш 50 млрд-қа жетеді. Аталған технологиялар өндіріс, тұрғын үй шарушылығы, ақылды қалалар, көлік, қауіпсіздік салаларында қолданылады.
Осы орайда вице-министр аталған жобалар елімізде де жүзеге аса бастағанын атап өтті.
«Бүгін біз аталған жобалардың Қазақстанда да іске аса бастағанын айтқымыз келеді. Сондықтан бүгінгі форум астаналық сарапшыларға ғана емес, өзге өңірлерден келген сарапшылар үшін де қызықты болады деген ойдамыз», — деді Динара Щеглова.
Ал «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев ақпараттық технологиялардың болашағы зор екенін атап өтіп, форумды ұйымдастырған ақпарат және коммуникациялар министрлігіне алғысын білдірді.
«Интернет өнімдердің болашағы зор. Қазіргі таңда олар күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылуда. Себебі, Smart қосымшалар біздің өмірімізде кеңінен қолданылады. Сондықтан осы форумды жыл сайын ұйымдастыруды ұсынамын. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ақпараттық жобаларды жүзеге асырудамыз. Бүгінгі шараға бір топ сарапшыларды шақырдық. Министрлікке алғысымызды білдіреміз», — деп түйіндеді сөзін төраға.
Форум аясында «Қазақтелеком» АҚ мен Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық монитроинг және жедел әрекет ету орталығы» мекемесі арасында бірыңғай қалалық бейнебақылау жүйесін ұйымдастыру бойынша келісім жасалады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ және «Еуразиялық топ» ЖШС арасында Хромтау, Ақсу, Рудный моноқалаларында Smart city және цифрландыру элементтерін енгізу туралы бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесі қаралады.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ