Қамаудан шыққан белсенді Закирова полиция қысымына шағымданды

0

Нұр-Сұлтанда Ақорда алдындағы сот шешіміне қарсы митингіден соң қамалып, бостандыққа шыққан белсенді Санавар Закирова 24 ақпанда баспасөз жиынын өткізіп, полиция тарапынан қысым болғанын айтты.

Закирова өзінің тіркелмеген, әлі құрылмаған «Наше право» партиясының штаб-пәтеріндегі баспасөз орталығындағы жиында «полицейлер 17 ақпанда ұстап алып кеткен соң Есіл аудандық полиция басқармасында бір тәулік бойы ассыз, сусыз, төсек-жайсыз ұстады» деп шағымданды.

— Мені қатты сүйрегендері сондай қол-аяқтарым көгерген. Қантымның деңгейі төмендеп, бірнеше мәрте жедел жәрдем шақырдым. Мұның бәрін дәрігерлік тексеру растап отыр. Полиция әрекетіне арызданып жатырмын, — деді ол баспасөз конференциясында.

Закирова өзімен бірге ұсталған Мәдина Күкетаева да «осындай жағдайды басынан өткергенін» айтты.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті белсендінің бұл сөзін жоққа шығарды.

— [Көшпелі] сот келгенше оған [полиция бөлімшесінде] тамақ берілді, бірақ өзі бас тартты. Санавар Закироваға қатысты полиция ешқандай физикалық күш қолданған жоқ, — деді департаменттің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова.

Шәуленова белсенді Күкетаеваға және полиция бөлімшесіндегі төсек орындарға қатысты Закированың айтқанына жауап бермеді.

Азаматтық белсенді Санавар Закирова былтыр, 2019 жылдың басынан «Наше право» партиясын құратынын мәлімдей бастаған. Былтыр 9 наурызға белгіленген құрылтай съезі өтпей қалған. Осыдан кейін Закирова полиция кедергі жасады деп шағымданған. Кейін ол «партия құруға кедергі келтірді» деп Алматы әкімдігін, қалалық полиция департаменті мен «Нұр Отан» партиясын айыптаған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отанның» төрт мүшесі «белсенділер желіде партия жайлы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты» деп сотқа берген. 2019 жылы қарашада Алматы қаласында сот Санавар Закирова мен оның екі жақтасын «Нұр Отан» партиясының төрт мүшесіне 6 миллион теңге (15 мың доллар) төлеуге міндеттеген.

Закирова сот шешімдеріне наразылардың тобына да жетекшілік етіп, бірнеше рет «Нұр Отанға», Жоғарғы сотқа барып үкімдерді қайта қарауды талап етіп жүр.

Биыл 17 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Закирова мен Күкетаева бастаған сот шешімдеріне наразылар Ақордаға барып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және оның қызы, парламент сенатының спикері Дариға Назарбаевамен кездеспек болған. Олар билік өкілдеріне «мәселелерін жеткізгісі келген». Сол жиыннан кейін Закирова мен Күкетаева ұсталып, «полицияға бағынбады» деген айыппен бес тәулікке қамалған.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, “Нұр Отан” партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың орнына президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасайтынын, бейбіт митинг, саяси партия туралы заңды өзгертетінін айтқан. Бірақ сыншылар Тоқаевтың уәдесі орындалмағанын, ол әлі Назарбаевтың ықпалынан шыға алмай отырғанын айтады. Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева қазір сенат спикері болып отыр.

Azattyq