Шымкентте парақор полицейлер зорлау ісін жылы жауып қоймақшы болған — Қазақстан жаңалықтары
Шымкентте тергеуші мен адвокат пара алып, зорлау ісін тоқтатпақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров елордада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сөзінше, 2019 жылдың қараша айында Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет парақор тергеуші мен адвокаттың ісін әшкере етіпті. Қалалық полиция департаментінің Абай аудандық полиция басқармасының тергеушісі І. Төребай және қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Н. Елгонов пара алып, зорлау фактісін жылы жауып қоя салмақшы болыпты.
«Тергеуші адвокат Елгонов арқылы зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін жалпы сомасы 440 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген», — деді Данияр Бекайдаров.
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының үкімімен І. Төребай 13 200 000 теңге, Н. Елгоновқа делдалдығы 4 400 000 теңге айыппұл тағайындапты.
Бұған қоса жемқор қызметкерлер мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылыпты.
stan.kz