«Кез-келген сәтте инфаркт немесе инсульт алуы мүмкін»: Атамбаевтың ұлы халықтан әкесіне дұға етуді сұрады — Қазақстан жаңалықтары
Бішкекте Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) тергеу изоляторына қамалған Алмазбек Атамбаевтың денсаулығы күрт нашарлаған. Бұл туралы Қырғызстанның экс-президентінің ұлы Facebook-те жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Адвокат Замир Жоошевтің сөзіне сүйене отырып, Қадырбек Атамбаев әкесінде кез-келген уақытта инфаркт немесе инсульт алуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Әкемнің қан қысымы өте төмен. Дәрігерлердің айтуынша, кез келген уақытта бұл инсультке немесе инфарктке әкелуі мүмкін. Адвокаттардың айтуынша, билік тәуліктік мониторинг нәтижелерін жасырып отыр, соңғы рет өлшегенде 76-да 60 болған», — деп жазды ол.
Қадырбек Атамбаевтың сөзінше, әкесі халқы бен мемлекетіне қызмет ету үшін өз денсаулығын ешқашан аямаған, достарына да ешнәрсе аяған емес. Қырғызстанның басқа президенттерінен ерекшеленіп, өзіне күтім жасаудың орнына Атамбаев үнемі бас алмай жұмыс істеген.
«Осы сәтте әкемізге бағытталған жалған ақпараттық шабуылдың құрбаны болмаған барлық адамдарды оның денсаулығы үшін дұға етуді өтінгіміз келеді! Рахмет! Әкем бізге өзге елде бай және ұзақ өмір сүргеннен гөрі, өз еліңде, халқыңның арасында өлген абзал дейтін.
Әке, сіз соңғы кездесуде бізден осындай жағдайға тап болғанымыз үшін кешірім сұрадыңыз, бірақ, әке, сізге кешірім сұрайтын ештеңе жоқ деп жауап бергіміз келеді, біз алғаш рет біздің сүйікті халқымыздың шынайы сүйіспеншілігі мен қолдауын сезіндік, бұл барлық байлықтан қымбат! Біз сізбен мақтанамыз! Сіз елді тастап кетпедіңіз және біз не болса да, сіздің адал атыңызды қорғаймыз! Ант етеміз!» — деп жазды саясаткердің ұлы.
Өз кезегінде, ҰҚМК-нің баспасөз қызметінде Алмазбек Атамбаев дәрігерлердің үнемі қадағалауында екенін мәлімдеді.
«Атамбаевтың жағдайы тұрақты, ҰҚМК дәрігерлері тәулік бойы кезекшілік етіп, оның денсаулық жағдайын бақылап отырады», — деді баспасөз қызметінде.
Адвокат Замир Жоошевтің сөзінше, Атамбаевтың денсаулығының нашарлағанына біраз уақыт болған.
«Соңғы екі аптада менің қорғалушым күн сайын қысымын өлшетті. Таңертең оның қысымы төмен. Ол оны әрдайым көтеруге тырысады. Дәрігерлер оның кез-келген уақытта өте жаман нәтижеге жетуі мүмкін екенін айтты», — деді адвокат.
Алмазбек Атамбаев арнайы қызметтердің Қой-Таш ауылындағы резиденциясында жүргізген операциясының нәтижесінде 2019 жылдың тамыз айының басында ұсталды. Бұрынғы мемлекет басшысының жақтастары мен қауіпсіздік күштері арасындағы екі күндік қақтығыс кезінде бір арнайы жасақтың сарбазы қаза тауып, 136 адам жарақат алды.
Содан бері экс-президент ҰҚМК-нің тергеу изоляторында отыр. Оған бірқатар ауыр және аса ауыр баптар бойынша кінә тағылды.
stan.kz