Адвокат Атамбаевтың денсаулығының нашарлағанын айтты

0

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында қамауда отырған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың денсаулығы нашарлады деп хабарлады оның адвокаты Замир Жоошев.

18 ақпанда Атамбаевпен кездескен кезде экс-президент адвокатқа қан қысымының төмендегенін айтқан.

«Кездесу кезінде қан қысымы 76/60-қа түсіп кеткенін айтты. Өткен аптада қан қысымы 90/60 болған. Дәрігерлер күн сайын қан қысымын тексеріп, айтып отырушы еді. Бірақ соңғы кезде жасырып жүр» деді Зоошев.

Тәуелсіз дәрігерлердің айтуына қарағанда мұндай төмен қан қысымының салдарынан адам инсульт, инфаркт алуы мүмкін. Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық комитеті әзірге Алмазбек Атамбаевтың денсаулығына байланысты түсініктеме бермеді.

Былтыр тамыздың 7-8 күндері Шу облысы Аламудун ауданындағы Кой-Таш ауылында «Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізу» операциясы кезінде күштік құрылымдар мен саясаткер жақтастары арасында қақтығыс болды. Ауыр жараланған бір арнайы жасақ өкілі көз жұмды, бірнеше адам зардап шекті. 200-ден астам адам түрлі жарақат алды. 8 тамызда Алмазбек Атамбаев пен жақтастары билікке өз еркімен берілді.

Атамбаевты ұстағаннан кейін оған «Жемқорлық» және «Қылмысқа қатысу» және өзге де баптар бойынша ауыр айыптар тағылды, сот шешімімен тергеу абақтысына қамалды. Атамбаев қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевтың заңсыз босап шығуы туралы істе де негізгі айыпталушылардың бірі.

Azattyq