Сағынтаев сиырға туған күн бұзауға да туатынын ескертті

0

Алматы әкімі 63 жастағы қала тұрғынын жұмыста қалдырмай, зейнетке шығарғалы жатқан мекеме басшысына бір күні өзі де қартаятынын ескертті

АЛМАТЫ, 19 ақпан – Sputnik. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру жиынын тұрғындардың сауалына жауап беруден бастады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Кездесуде Алатау ауданының «Рахат» ықшам ауданындағы мектептерде орын санының жетіспеуі жайлы мәселе көтерілді. Әкімнің айтуынша, Алматыда екі жылда 13 мың орындық 8 мектеп салынады.

«2021 оқу жылы басталғанша 12 900 орындық 8 мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз. Олардың бірі «Рахат» ықшам ауданында салынады»,- деді әкім.

2019 жылы 13 білім беру нысаны және 3174 орынға арналған 162 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. 2020 жылы 27 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. 2020-22 жылдары жеке инвестициялар есебінен 2240 орынға шақталған 4 мектеп, 8000 орынды 300 балабақша ашу жоспарда тұр.

Сағынтаев: 13 миллион теңгеге дейінгі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен беріледі

Сондай-ақ, зейнет жасына жеткен азаматтарға арналған бағдарламалар жайы сөз болды.

«Мен 63 жастамын. Зейнетке шыққалы жатырмын. Мен жұмыс істейтін жерде менің жасымдағы адамдарды жұмыстан шығарып жатыр. Таныстарымның ішінде зейнет жасынан кейін өз тәжірибесімен бөлісіп, қызмет етіп жүрген кісілер де бар. Ал мен қаламыздың көркеюі үшін жұмыс істесем деймін. Зейнеткерлерге арналған қандай да бір бағдарлама бар ма?», — деген сұрақ қойды қала тұрғыны.

«Сіз әлі жассыз ғой. Қазақтың «Сиырға туған күн бұзауға да туады» деген сөзі бар. Сіздің жұмыс берушіңіз де 63-ке келеді бір күні. Не айтып жүргенін сол кезде түсіне жатар. Бұл өте салмақты сауал. Көп адам зейнет жасына жеткен соң қызметтен кетіп, отбасына, немере қарау керек дейді. Жақсы идея тастадыңыз. Бұл сұрақты сізбен, Қоғамдық кеңеспен ақылдасамыз. Себебі аға буыннан жастарға тәлімгер керек», — деп жауап берді қала әкімі.

Сондай-ақ, Қытайда тараған коронавирусқа қатысты сұрақ та қойылды.

Қала әкімінің айтуынша, Қытайдан келген азаматтардың барлығы дәрігерлердің бақылауынан өткен.

«Қытайдан келген азаматтардың аты-жөні бізге белгілі. Олар дәрігерлердің бақылауында. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ», — деді әкім.

Айта кетейік, қала әкімімен кездесуге 3 мыңнан аса тұрғын келді.

 



sputniknews.kz