Тамырлас халықтар үшін құнды бастама
Президент мақаласындағы алты тармақтың ішінде екі мәселеге – бүгінгі телевизия саласы, фильмдер, сонымен қатар деректі фильмдерге және түркі әлемі үшін Википедия негізіндегі онлайн-кітапханаға ерекше назар аударылғанын атап айтар едім.
Академиялық тәжірибесі бар репортер ретінде мен бұл екі саланың қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін, әсіресе түркі әлемі үшін аса мән-маңызға ие екенін аңғардым.
Біз Франциядағы Еуроньюс ТВ-ға негізделген, Қазақстан бойынша елдің имиджін көтеруге арналған қысқа бағдарламаларды трансляциялаймыз. Мен Қазақстанның ірі қалалары мен көрікті жерлерін арқау еткен көптеген бағдарламаны көрдім. Оның ішінде шетелдіктердің басым бөлігі Қазақстандағы аң аулау дәстүрінің қыры мен сыры жайында естігеніне сенімдімін.
Алайда, Қазақстанның шығысы мен батысының, солтүстігі мен оңтүстігінің арасын қамтитын ауқымды, сапалы деректі фильмдер сериясы бар ма?
Адамдардың тұрмыс-тіршілігінен бастап, таңғажайып табиғат, дәстүр мен тарих үндескен мұндай ауқымды деректі жоба қазақ халқына, әсіресе жас толқынға аса қажет. Сондай-ақ сапалы түсірілген туынды шетелдік аудитория үшін де тартымды болары сөзсіз.
Бүгінгі қала жастарының дәстүрлі қазақ ән өнерін емес, Батыс музыкасын тыңдауға бейімделгені, көңілге кірбің ұялатады.
Мен қазақ болмасам да, «Адай» күйін тыңдаймын. Бұл туындыны тыңдаған сайын жаңаша әсерге бөленіп, күй күмбірінен жауынгерлік рухты сезінемін. Бұл шығарманы неге қазақ қызы мен қазақ жігіті тыңдап өспеске?
Мәдени монополия немесе мәдени империализм үшін күресудің қажеті жоқ, тек жастарға өз ұлтының құндылықтарын сақтау қажет. Ол үшін ұлттық телерадио ұйымдары мен мәдени мекемелер ерекше ықыласпен ұлттық нақыштағы туындыларды насихаттай білуі тиіс.
Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы жер жаһанда өмір сүретін, өз түп-тамырын іздеген миллиондаған түркілер үшін өмірлік маңызы бар бастама деп білемін. Менің білуімше, Президент ұсынғандай онлайн-дерек көзі әлі ешбір жерде айтылған жоқ.
Бұл тек қарапайым түркілерге ғана емес, сонымен қатар зерттеушілер, академиктер үшін де, сондай-ақ Ұлы далаға саяхат жасайтын туристер үшін де өте құнды болмақ.
Сөз соңында, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, оның барлық ұсынылған жобалары мемлекет қаражатына негізделген «академиялық туризмге» айналып кетпеуі тиіс.
Масуд Имани КАЛЕСАР,
журналист (Иран)