23 ақпан ерлер мерекесіне сценарий қазақша, сценарий ерлер күні
Тәрбие сағатының мақсаты:
А) Бейбіт еліміздің құрыш қалқаны Қарулы Күштер туралы түсінік беріп, Отан қорғау ісі ең басты міндеттері екенін ұғындыру;
Ә) Ұлттық салт – дәстүр негізінде білімін кеңейту, ұлттық дүниетанымын қалыптастыру.
Б) Ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ұштау.
Көрнекілік: иетербелсенді тақта, шарлар, тақырыпқа сай суреттер, слайд.
Барысы:
І. Ой шақыру.
— Қымбатты балалар, бүгінгі өнеге сағатымыз Отан қорғаушылар күніне арналады. Тәрбие сағатымызды әнұранмен бастайық.
(Әнұран орындалады)
Барысы:
І. Ой шақыру.
— Қымбатты балалар, бүгінгі өнеге сағатымыз Отан қорғаушылар күніне арналады. Тәрбие сағатымызды әнұранмен бастайық.
(Әнұран орындалады)
1 — жүргізуші
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата – аналар және мектебіміздің ұл балалары! Сіздерді Ұландар мерекесімен құттықтаймыз!
2 – жүргізуші
«Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін» деп Қасым Аманжолов жырлағандай, Қазақстанның алыптығы сондай, оның аумағына Франция, Италия, Грекия, Швеция, Норвегия мен Финляндия бәрі бірдей сыйып кете алады. Осындай байтақ, бай елімізді көзінің қарашығындай сақтап қорғау – әр азаматтың парызы.
1 – жүргізуші
1992 жылы 7 – мамырда Елбасымыз «Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы» жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылдан бастап бұл күн еліміздің күнтізбесіне Отан қорғаушылар күні ретінде тіркелді. Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 27 жыл.
1 – оқушы
Ата – бабаларымыз қазақ даласының еркіндігі мен елінің дербестігі үшін жан аямай күресті. Еліміздің батырлары ең алдымен Отанын сүйген, арын ардақтаған.
2 – оқушы
Қазақ деген пейілі кең, бай халық,
Толды арманы егеменге айналып.
Бейбітшілік қорғанындай сенімді,
Сарбаздары сап түзеді сайланып.
Ән: Зинолла Индира мен Байтүгел Ақгүлдің орындауында «Қазақ жастары»
3 — оқушы
Батыр болған бабалары,
Ел бастаған даналары.
Байтақ жерге жау тигізбес,
Сарбаздары қазағымның.
4 – оқушы
Армиямыз айбынды,
Армиямыз қыранды!
Күзетеді ай нұрлы
Күн сәулелі Отанды.
2 – жүргізуші
Отанымызды қорғайтын ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Халықтық дәстүрлі тәрбиеде осы баға – «Жігіт сыны» деп аталады.
1 – жүргізуші
Иә, халқымыз ер жігіттің бойынан «Алты асыл қасиет», «Үш асыл мінез», «Ажырамас үш серік» табылуын талап еткен. Біз бүгін жігіттеріміздің өнер – білімін сынға алып көрсек дейміз.
Би: Кәрім Әсем «Қамажай»
2 – жүргізуші
Сыналар ер жігітке келді кезең,
Сәулең болса, бермен кел, талантты ерің,
Жан құмары дүниеде немене екен,
Соны білсең әрнені білгендерің.
1 – жүргізуші
Халқымыздың әдет – ғұрпында отбасына ұл баланың келуін «Ұл туғанға күн туған» деп ерекше бақыт санаған. Оның себебі қазақта отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Оны мал бағуға, аң аулауға, мылтық атуға, отбасын асырауға әкелері үйреткен.
2 – жүргізуші
«Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап та жоғары болған.
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Ата жолын жалғамақ,
Ел дәстүрін ақтамақ,
Ел намысын қорғамақ,
Жігіттер шықсын ортаға! –
Деп, сайысушы екі топ жігіттерін ортаға шақырайық.
А) «Қырандар» тобы
Ә) «Сарбаздар» тобы
І бөлім. Таныстыру. Әр бөлімшенің басшысы өз топтарының аттарымен, ұранымен, әнімен таныстырады.
1 – жүргізуші
Қай топ білгір, білімді,
Талабына қарайық.
Кімдер зерек, кім жылдам,
Таланттарын табайық.
2 – жүргізуші
Қой асығы демеңіз,
Қолға жақсы сақа ғой.
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса аға ғой.
1 — жүргізуші
ІІ бөлім. Кім шапшаң? «Білімді мыңды жығар». Әр топ берілген сұрақтарға дұрыс және шапшаң жауап беру керек.
«Сарбаздар» тобының сұрақтары:
1. Қазақ халқының тарихында қандай батырлар өткен? (Сыпатай, Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Кенесары, Есет, Қайдауыл, т. б)
2. Үш жүзді атаңыз? (ұлы, орта, кіші жүз)
3. Үш дауасызды атаңыз? ( мінез, кәрілік, ажал)
4. Бес дұшпанды атаңыз? (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)
5. Ұлттық ойын түрлерін атаңыз? (ақсүйек, арқан тарту, сақина салу, көкпар, қыз қуу, бәйге)
6. Жігіттің үш жақын жұртын атаңыз? (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты)
7. Лейтенанттан кіші, старшинадан үлкен әскери атақ? (прапорщик)
8. Бес қаруды атаңыз? (мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта)
«Қырандар» тобының сұрақтары:
1. Қазақстан Республикасының әскери анты қашан бекітілді? (1992)
2. Қазақ халқының тарихында қандай билер өткен? (Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би)
3. Бес асылды атаңыз? (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым)
4. Үш арсызды атаңыз? (ұйқы, тамақ, күлкі)
5. Аттың ер – тұрмандарына нелер жатады? (жүген, желдік, ер – тоқым, құйысқан, өмілдірік, үзеңгі, аткөрпе, тартпа)
6. Төрт түліктің пірін атаңыз? ( түйе пірі – Ойсылқара, жылқы пірі – Қамбар ата, сиыр пірі – Зеңгі баба, қой пірі – Шопан ата, ешкі пірі – Сексек ата)
7. Жеті қазынаны атаңыз? (ер жігіт, сұлу әйел, ақыл – білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы)
8. Жеті жоқты атаңыз? (жерде өлшеуіш жоқ, аспанда тіреуіш жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, Аллада бауыр жоқ, аққуда сүт жоқ, жылқыда өт жоқ)
Ән: Қуанбайқызы Нұрзаданың орындауында «Ән сал, сарбаз»
2 – жүргізуші
«Ер дәулеті еңбек» дегендей, еңбек сайысын бастайық. Қай жерде болса да ұлдар түйме қадау, картоп аршуды білулері керек.
1 – жүргізуші
Спортты жанға серік қыл,
Парасат, жігер, ерік бұл!
Спорттағы мүмкіндіктерін сынауға кезек берсек. Осы бөлімде әртүрлі ойындар болады. 1. Күш сынасу; 2. Кір тасын көтеру:
2 – жүргізуші
«Еңбек – ердің санаты, білім — елдің қанаты» демекші, адам ақыл – парасатымен сұлу, ақылды жігіт ата – анасының жанып тұрған шырағы емес пе?
1 – жүргізуші
Қазақта жігіттерді былай деп атаған:
«Көсем жігіт» — ел басқаратын жігіт, «шешен жігіт» — дау шешетін жігіт, «батыр жігіт» — еліне қамқор, жауына батыл жігіт, «сері жігіт» — аттың жүйрігіне мініп, иттің алғырын ертіп, мың құбылған ән салып, күмбірлете күй тартатын өнерлі жігіт.
2 – жүргізуші
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді халқымыз. Өнерпаз болсаң өр бол! Яғни өнерлі болсаң әйгілі, талантты, мәртебең биік болсын деген ұғым бар. Жігіттеріміз әскери көңілді демалыс сәтінде өздерінің өнерлерін көрсетсін.
Ортаға «Қырандар» тобын шақырамыз
Ортаға «Сарбаздар» тобын шақырамыз
1 – жүргізуші
Егемен еліміздің тыныштығын және бейбітшілігін қорғау бұл әр азаматтың қасиетті борышы екені баршамызға әйгілі. Ал Отанды қорғаушылар білектің күшіне сүйенушілерден ғана болмай, ақылы мен қайраты, күш – жігері мен зердесі бірдей мықты болғаны — бұл ел қорғаушы ерлерге ежелден қойылып келе жатқан талап.
Енді жігіттеріміздің алғашқы әскери дайындықтарын байқап көрейік. Біз болашақ сарбазбыз! (әскери шен белгілерін ажыратып, атап айтып беру)
2 – жүргізуші
Сайыс соңында ұландардың ант қабылдау рәсіміне кезек береміз.
АНТ
«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, бүгінгі сайысқа қатыса отырып, сүйікті Отаным Қазақстанның дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы, өркениетті ел болуы үшін өз үлесімді қосып, сапалы білім аламын.
Алтын ұя мектебімді сыйлап, қастерлеймін. Мен өз Отанымның ержүрек, батыл қорғаушысы болуға салтанатты түрде ант беремін».
1 – жүргізуші
Бойларыңда от бар екен, байқадым,
Жүректерде шоқ бар екен, байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.
2 – жүргізуші
Достарым, түсініңдер сөздің нарқын
Әр кезде бола берсін жүздер жарқын,
Мәңгілік жоғарылап жұлдыздарың,
Бақытқа бөлеңдерші қазақ халқын.
Бүгінгі тәрбие сағатымыз да өз мәресіне жетті. Барлығыңызға мол табыс, егемен елімізге тыныштық пен береке тілейміз!
Атырау облысы, Қызылқоға ауданы,
Кенбай орта мектебінің география пәнінің мұғалімі
Нургалиева Аманжан Бактыбаевна