Полиция қызметкері 4-ші қабаттың терезесінен 3-ші қабатқа түсіп, екі баланы аман алып қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

«Жолдағы қабылдау» акциясы барысында «Сарыарқа» ауданының УПП-24 учаскелік полиция инспекторы Ерлан Жаңабаевқа Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны алғыс білдіріп, хат жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әйел полиция қызметкеріне балаларын құтқаруға көмектескені үшін алғыс білдірген.

Оның айтуынша, кешкі уақытта балаларымен бірге тұратын Дүкенұлы көшесі 21/1 мекен-жайындағы жатақханадағы бөлмесінің есігі ашылмай қалған. Ал бұл уақытта үйде екі бала, 3 жастағы  және 1 жастағы қыздары болған. Абдырап қалған әйел жақын жердегі полиция бөлімшесіне көмекке жүгінеді. 

Оқиға орнына жылдам жеткен  полиция капитаны Ерлан Жаңабаев 4-ші қабаттың терезесі арқылы балалар тұрған 3 қабаттағы бөлмеге түсіп, есікті ашады.

«Менің орнымда бәрі осылай істейтін еді деп ойлаймын. Көмек көрсету — полиция қызметкерінің басты міндеті. Балалардың жалғыз қалғанын естігенде, мен жай қарап тұра алмадым, өйткені мен өзім 5 баланың әкесімін. Дереу іске кірістім», — дейді Ерлан Жаңабаев.

Бұл учаскелік инспектор Жаңабаевтың алғашқы батыл әрекеті емес. 

2020 жылдың 1 ақпанында ол Орлыкөл көшесіндегі түтінге оранған жатақханадан 7 адамды алп шыққан, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған бала болған. 

Жалпы, 14-16 ақпанда өткізілген «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізу кезінде полиция қызметкерлерінен 200-ге жуық адам кеңес алды. Тұрғындарды көлік құралдарын тіркеу, негізінен шетел көліктерін тіркеу мәселелері қызықтырды. Сондай-ақ әкімшілік айыппұл төлеу және жүргізуші куәліктерін ауыстыру бойынша 50-ге жуық азамат өтініш білдірді.

stan.kz