Министр елге оралған қандастарға қатысты жағымды жаңалықты жеткізді
Қысқа сілтеме алу
Өткен жылы мерзімі біткен оралман мәртебесін ұзарту бойынша біржолғы акция аясында 8200 қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды
НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Қандастарға тұрақты тұруға ықтиярхат пен Қазақстан азаматтығын алу құқығы бір өтінішпен берілуі мүмкін. Тиісті заң жобасы қазір мәжілісте қаралып жатыр. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қандас бауырларымызға қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты тұруға ықтиярхат және Қазақстан азаматтығын алу құқығын бір өтінішпен беру көзделіп отыр. Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру туралы заң жобасы парламент мәжілісінде қаралып жатыр», — деді Нұрымбетов ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің сөзінше, 1991 жылдан бері 1 миллион 57 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралған.
Былтыр республикаға 9 993 отбасы (17,7 мың этникалық қазақ) келсе, 597 оралман отбасы (2 мың адам) солтүстік өңірлерге қоныс аударды.
«Менің кінәм емес…»: Қытайдағы туыстарына барған қазақ қызы қиындыққа тап болды
«Өткен жылы мерзімі біткен оралман мәртебесін ұзарту бойынша біржолғы акция аясында 8200 қандасымыз Қазақстан азаматтығын алды», — деді ол.
Сонымен қатар, оралмандарға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін оңтайландыру көзделуде.
sputniknews.kz