Министр Абаев қатысқан талқылауда бейбіт жиындар туралы заң жобасы сыналды

0

Алматыда бейбіт жиындар туралы жаңа заң жобасын талқыланды. Жиынға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Алматы қаласы қоғамдық кеңесі өкілдері мен азаматтық белсенділер, барлығы 40 шақты адам қатысты.

Жиналғандар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы жайлы түрлі пікір айтты. Қазақстандағы адам құқығы мен заңды сақтау жөніндегі бюро директоры Евгений Жовтис заң жобасы халықаралық нормаларға сай емес деп санайды. Ол әсіресе, бейбіт жиын өткізу орнын белгілеу қате деді.

— Пикетке шыққан адам Сарыарқа кинотеатрының алдына немесе Ганди атындағы саябаққа бармайды (Алматы қаласы әкімдігі осы екі орынды бейбіт жиын өткізетін жер ретінде белгілеген — ред). Ол наразылығын еститін жерге, қоғам назары түсетін жерге барады, — дейді Евгений Жовтис.

Жовтис министр Абаевқа заң жобасын халықаралық сараптамаға жіберуді ұсынды.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың сөзінше, заң жобасында жиын өткізгісі келгендерге артық талап пен кедергі көп. Ол митингі өткізуге қатысатын адам санына қарай рұқсат беру туралы бапты сынады.

Ал заңгер, адвокат Маржан Аспандиарова 1995 жылы қабылданған заң жобасына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мораторий жариялауын сұрады. Себебі «біз жаңа заңды талқылап отырғанда көптеген адам полиция тарапынан қысым көріп, түрмеге қамалып жатыр» деді ол. Заңгер соңғы жылдары бейбіт жиын өтетіні хабарланса, полиция белсенділерді оған дейін үйінен ұстап әкетуі әдетке айналғанын айтты.

Министр Абаевтың айтуынша, барлық ұсыныстар ескеріледі, заңға әлі де өзгерістер енгізуге болады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын осыдан бір апта бұрын таныстырған.
«Ашық үкімет» сайтында жарияланған тұжырымдамада 21 баптан тұратын заң жобасында елде бейбіт шеру, митинг және пикет өткізудің тәртібі, шараны ұйымдастырушы мен оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, митингілер өткізуді қосымша регламенттеу жөніндегі жекелеген ережелер мен талаптар белгіленетіні жазылған.

Azattyq