Елордада жеті баланың анасы такси жүргізуші болып қызмет етуде — Қазақстан жаңалықтары
Жеті баланың анасы такси жүргізіп, отбасын асырап отыр. Әрекет сайын берекет дейтін Айзат Асылбекқызының бұл ісі әлеуметтік желілерде көпті қайран қалдырды. Елордада жалдамалы пәтерде тұратын жалғызбасты ана көлікті екі жылға сатып алу құқымен жалға алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Тұрмыс тауқыметіне қарамастан тыңбай еңбек етіп жүрген көпбалалы ана Айзат Асылбекқызы такси жүргізе бастағанына жарты жыл болыпты. Көлік айдауды сегіз жылдан бері білсе де, бұл салаға енді келуі. Таңнан кешке дейін еңбекқор жан елордалықтарды діттеген жеріне жеткізеді. Тапқан табысы қажеттіліктерінен бөлек, жалға алған көлігі үшін күн сайын 9 мың теңге төлейді.
«Күнделікті азық-түлігіміз бен жөргегіміз үшін ақшамыз жетеді. Осыған шүкір, қанағат. Ешкімге алақан жаймаймын. Керек болса, көлігіме мініп алып, бар тірлігімді бітіремін», — дейді таксист әйел.
Жалғызбасты ана өзінің бұрынғы жолдасымен дәм-тұзы жараспағанын айтады. Анда-санда көмектеспегені болмаса алимент те төлемейді екен. Жеті баланың жауапкершілігі бір өзіне түскен соң аспаз, еден жуушы болып қызмет етуге тура келіпті.
Балалы үйдің шаңырағы кең болғанымен, көңілдері кең. Елордадағы саяжайлардың бірін қырық мың теңгеге жалдап тұрады. Үйдің үлкені 17 жастағы студент болса, кішісі — үште. Қалғандары мектеп білім алады.
«Төртеуіне 42 мың теңге алып отырмын. АӘК-ке құжат жинастырғанмын, бірақ біреуін заңгермен бекіту қажет екен. Оған 26 мың теңге сұрады. Еріксіз бас тарттым», — деді Айзат Асылбекқызы.
Нәпақасын түзден іздеген еңбекқор ана табыс тауып қана қоймай, балаларының білім алып, шығармашылыққа бет бұруын көңіл бөліп жүр.
Несие, пәтерақы, жалғызбастылық. Тынымсыз ана бұл қиыншылықтарға мойыған жоқ. Басты байлығым балаларым дейді.
«Осы балаларым үшін өмір сүремін. Осыларды бағып, ешкімнен кем болмаса екен деймін. Өзім жетпеген нәрсеге балаларым жетсе екен деген үміттемін», — деп қосты жалғызбасты ана.
Айзаттың телефонына жолаушылар сұранысынан тыным жоқ көрінеді. Таксист болып қызмет етіп жүрген әйел әрбір жолаушы менің балаларымның несібесі дейді.
Бұған дейін 70 жастағы таксист әже жұмысын тастай алмай жүргенін айтқан еді.
stan.kz