Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы екі есеге артады
Қысқа сілтеме алу
Сегізінші және одан кейінгі балаларға жәрдемақыны сараланған түрде төлеу жоспарланып отыр. Мысалы, 8 балаға 85 мың, 10 балаға – 106 мың, 15 балаға 159 мың теңгеден төленеді
НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Енді бала саны жетіден асатын көпбалалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері өседі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр биылдан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленетінін еске салды. Жәрдемақы бала санына қарай сараланған мөлшерде беріледі.
Төрт балаға 42 500 теңгеден 7 және одан да көп бала үшін 74 400 теңгеге дейін. Қазір бұл көмекті жыл басынан бері 370 мың отбасы алды.
«Қазіргі уақытта бұл жәрдемақы жеті баладан әрі қарай біркелкі мөлшерде төленеді. Сондықтан біз осы мәселені қарастырып, сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны сараланған түрде төлеуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, 8 балаға 85 мың, 10 балаға – 106 мың, 15 балаға – 159 мың теңгеден төленетін болады», — деді министр ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 миллиард теңге қарастырылған.
Заңға өзгеріс енгізілмек: Енді көпбалалы отбасылар 160 мың теңгеге дейін алады
Нұрымбетов былтыр 486 мың отбасыға немесе 2 миллион 400 мың адамға 244 миллиард теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын айтты. Ақшалай көмекпен қоса бұл отбасылардағы 94 мың адамға жұмыспен қамту жағынан көмек көрсетілген. 148 мың отбасы қосалқы шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алса, 7 мың отбасы шағын несие арқасында өз кәсібін ашты. Нәтижесінде 136 мың отбасы қиын жағдайдан шығарылды, деп түйіндеді ол.
sputniknews.kz