Ең төменгі күнкөріс деңгейі деген не?
2020 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге. Күнкөріс деңгейі туралы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Күнкөріс деңгейі = ең төменгі тұтыну себеті
Күнкөріс деңгейі – ең төменгі тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға бір айға қажеттi ең аз ақшалай кiрiс. Бұл ақша адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажет.
Тұтыну себеті азық-түлік себетінен және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтердің үлесінен құралады.
Азық-түлік себеті
Халықаралық стандарттар бойынша азық-түлік себетінің құрамы әр бес жыл сайын қайта қаралып отыруы тиіс.
Азық-түлік себебі ең негізгі тамақ өнімдерін тұтынудың минималды нормаларын ескере отырып есептеледі.
Тағы оқыңыз: Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді
Қазақстанда алғашқы азық-түлік себеті 1998 жылы бекітілді, ол уақытта оның құрамына 20 өнімнің атауы енген. 2005 жылы себет қайта қаралып, азық-түлік түрлері 43-ке дейін толықты.
Азық-түлік емес бөлігі
Ең төменгі тұтыну себетінің азық-түлікке жатпайтын бөлігі нақты тауарлар мен қызметтер түрінде көрсетілмеген. Ең қажетті тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығын азық-түлік себетінің сомасына қарай есептеледі.
2018 жылдан бастап тұтыну себетінің азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын бөлігінің арақатынасы 55% пен 45%-ті құрады. Яғни, себет құнының 55%-і тамаққа, қалғаны ең қажетті тауарлар мен қыземттерге жұмсалады.
Ең төменгі күнкөрiс шегі не үшін қажет
Күнкөріс деңгейі жыл сайын:
- халықтың тұрмыс деңгейiн бағалауға және кедейлiк шегiн анықтауға;
- жалақы, зейнетақы мен базалық әлеуметтiк төлемдердiң ең төменгі мөлшерін есептеу үшін қажет.
Әр өңірде баға әртүрлі болғандықтан, ең төменгі күнкөріс шегі де әртүрлі болады.
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і кедейлік шегі деп саналады.
Басқа елдердегі күнкөріс шегі
Алыс-жақын елдермен салыстырғанда, Қазақстанның тұтыну себеті жұтаң көрінеді.
Мәселен, Германияда тұтыну себеті 600-ге жуық азық-түлік, тауар мен қызметтерден құралса, Ұлыбританияда – 700-ге тарта, АҚШ-та 200-ден асады.
Британиялықтардың ең төменгі тұтыну себетінде аққайнар мен шарап та кездеседі. Германияда үйге пиццаға тапсырыс беру, фитнес-орталықтар мен солярийге жұмсалатын шығындар да тұтыну себетінің құрамына енген. Ал француздардың себетінде сұлулық салоны, опа-далап, бала күтуші жалдау мен үй жануарларына арналған азықтың шығындары есептелген.
Тағы оқыңыз: Министр жалақыға қатысты жағымды жаңалықты бөлісті
Көрші Ресейде себет құрамына 156 өнім, тауар мен қызмет түрі енген. Ең төменгі күнкөріс шегі бұл елде 65 мың теңгеден асады.
Беларусьте 40 мың теңгеге, Арменияда 50 мың теңгеге жуықтайды.
Қазақстан ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ел билігі тұтыну себетінің құрамы мен мөлшерін қайта қарастыру қажет деп санайды. Болашақта азық-түлік себетіндегі өнім түрлері 43-тен 51-ге дейін ұлғаюы мүмкін.
sputniknews.kz