Ақтөбеде мектеп оқушысы ашық жатқан құдыққа түсіп кетті (фото) — новости Казахстана

0

Ақтөбедегі «Батыс-2» ауданында үйіне қайтып бара жатқан жеткіншек ашық жатқан құдыққа түсіп кетті. Қаладағы №63 мектептің 4 сынып оқушысы, абырой болғанда, дін аман. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Ақтөбеде мектеп оқушысы ашық жатқан құдыққа түсіп кетті

Оқушы құлап кеткен құдық. Фото: NUR.KZ

Жасөспрімнің құдыққа түсіп кеткенін көрген оқушылар жан-жаққа жүгіріп көмек сұрапты. Екі-үш метр тереңдікке түсіп кеткен оқушыны құрылыс басында жүрген адамдар арқанмен шығарып алған.

«Сол күні оқушының құдыққа түсіп кеткенін балалар айтып келді. Сабақтан шығып, үйіне қайтып бара жатқан кезде болған жағдай. Жетекшісі бірден үйіне барды.

Жедел жәрдем шақыртып, жарақат алмағанын білдік. Бала ертеңіне сабаққа келді.

Біз әр сенбі сайын сенбілікке шығамыз. Әр кез ашық жатқан құдықтарды суретке түсіріп, қалалық білім бөліміне жіберіп отырамыз.

Өтінішімізге байланысты ашық жатқан құдықтар тез жабылатын. Ол құдық та жабылды. Бірақ қай кезде ашық қалғанын білмеймін», — дейді М. Дулотов атындағы №63 мектеп директоры Дәмелі Қарпағамбетова.

Ақтөбедегі «Батыс-2» ауданында ашық жатқан құдық көп екен. Мектеп айналасында тұратын ата-аналар балалары үшін алаңдап отыр. Олар жазатайым жағдайдан қорқады.

Ал баласы құдыққа түсіп кеткен оқушының ата-анасы еш жерге шағым түсірмеген. Балаларының аман қалғанына қуанған олар көмек көрсеткен қала тұрғынына алғыс жаудырды.

«Ең бастысы бала аман. Мен ешкімге шағым жасамаймын. Мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп тұрмыз. Құдықтың беті жауған қармен жабылып қалған. Бала құдық екенін көрмей түсіп кеткен.

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластым, олар ол құдықтың өздерінің балансына жатпайтынын айтты. Қазір баламның аман-сау болғанына шүкіршілік етіп отырмын. Жағдайға байланысты басшылар әрі қарай жұмыс жасайды деп ойлаймын.

Мен қызымды құдықтан арқанмен тартып алған адамды біле алмадым. Ол кісіге алғысым шексіз», — дейді оқушының анасы Айсұлу Қойлыбаева.