Елімізде тоғыз айда зорланған әйелдер саны 900-ден асып кеткен — новости Казахстана
Отандық «Не молчи» қозғалысының мүшелері биыл елімізде тоғыз айда 900 әйел зорланғанын айтты. Ал жанұядағы зорлық-зомбылық деңгейі бұдан да жоғары көрсеткішке жетіпті. Белсенділер мұндай сорақы нәтиженің заңның осалдығынан екенін алға тартып отыр. Сондықтан Астанада әйелдер құқығын қорғайтындар Парламент мәжілісінде арнайы акция ұйымдастырды деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Қазақстанда өз күйеуінен қорлық көріп жүрген әйелдердің саны көбейген. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, кейде кінәлілерді жазалау мүмкін болмайтын көрінеді. Себебі, көп жағдайда жәбірленуші жанұядағы жағдайды айтуға қымсынады екен.
Ал «Не молчи» қозғалысының мүшелері бұл көрсеткіштердің өсуі — елдегі заңның осал болуынан екенін айтады.
«Биыл Қазақстанда тоғыз айда 914 нәзік жанды зорланған.Сексуалдық зорлық-зомбылық заңы Тәжікстан мен Өзбекстанда біздің заңға қарағанда өте қатаң.
Бұл елдерде жасаған қылмысы үшін қылмыскер 3 жылдан 7 жылға дейін сотталады. Зорлау – ауыр қылмыс түріне жатады.
Ал бізде орташа деңгейдегі ауыр деп қаралып, 3 — 5 жыл ғана беріледі. Қырғызстанда зорлаған адамды заң 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады», – дейді «НеМолчи» қозғалысының жетекшісі Дина Смаилова.
Бүгінде кінәлі адамның жазасын алмауы екі жақтың бітімге келуінен болады екен. Сол себепті белсенділер сотта қос тараптың мәмілеге келуін құжаттан алып тастауды сұрады. Олар осындай ұсыныспен арнайы Парламент мәжілісіне барып, депутат Ирина Смирновамен кездесті.
«Тараптардың өзара ымыраға келуіне қарсымын. Балаға, әйелге, еркекке қарсы қылмыс жасалса, адам кінәсына қарай жауап беруі керек. Бұл оймен көпшілік келіседі деп ойлаймын. Менің бар білетінім, осы жағдайды қамтитын заң енгізу қолға алынып жатыр», – деді Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
Соңғы үш жылда зорлау фактісі бойынша елімізде 5 мыңнан артық қылмыстық іс қозғалған. Ал 2018 жылдың тоғыз айында 91 ер бала, 43 қыз сексуалды қорлықтан кейін өз-өздеріне қол салған.
Дереккөз: «Алматы» телеарнасы.