Түркістан облысы әкімінің есебіне барған журналист өзін полицияның ұстап әкеткенін хабарлады
14 ақпанда Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шүкеевтің халыққа есеп беру жиынына барған бірнеше адамның ұсталғаны хабарланды. Олардың арасында журналист Амангелді Батырбеков те бар.
Амангелді Батырбековтің Азаттыққа айтуынша, есеп өтіп жатқан залға кірейін деп жатқанда Сарыағаш аудандық полиция басқармасының қызметкерлері белгісіз себеппен күш қолданып, полиция автобусына салып алып кеткен. Полиция өзінен бөлек тағы бірнеше адамды ұстаған.
Журналистің өзі бірнеше рет Facebook-та тікелей эфирге шығып, бірінде өзін полицияның автобустан шығармай отырғанын, тағы бірінде көлікпен белгісіз жаққа апара жатқанын хабарлады.
«Құрметті Тоқаев мырза! Бұл қандай мемлекет? Бұл не деген адам құқығын таптау? Мына тірлікті қолға алу керексіз. Бұл облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен істелген дүние ме? Әлде мұны полиция істеп отыр ма? Бұны қалай түсінуге болады? Біз тұтқынбыз ма?» деді журналист видеожазбаларының бірінде.
14 ақпанда түс кезінде Азаттық тілшісі Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің басшысы Әсет Ибрагимовке хабарласып, журналистің ұсталуына байланысты түсініктеме сұраған еді. Ол оқиғадан хабарсыз екенін, «жиналыста отырғанын» айтты. Ал Түркістан қалалық полициясы әзірге жауап бермеді.
(Жаңалық толықтырылады).