Аккаунтының бұзылғанына шағымданған белсенді өзінің атынан арандату посты тарап жатқанын айтты
«Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топ өкілі оралдық белсенді Жанат Есентаев 14 ақпанда белгісіз біреулердің Facebook-тағы парақшасын бұзып, арандату сипатындағы пост жариялап кеткенін хабарлады. Ол жұма күні таңертең Орал қалалық прокуратурасына шағым түсірді.
— Facebook-қа пошта арқылы тіркелгенмін. Таңғы сағат бестер шамасында аккаунтым мен поштамды бұзып, Facebook-қа «партия жиыны өтетін күні көшеге шығыңдар, қолдарыңа Жанболат Мамайдың суретін алып шығыңдар» деген тәрізді арандату сипатындағы пост жариялап қойған. Қазір ешқайсысына кіре алмай отырмын. Менің ойымша, бұл партияның съезі алдында ұйымдастырылған әрекет деп ойлаймын, — деді Жанат Есентаев Азаттық тілшісіне.
Есентаевтың айтуынша, бұдан бөлек белгісіз біреулер тұрғын үй сатуға арналған танымал сайтқа телефонын беріп, жалған жарнама ілген.
— Екі нөмірім бар еді: актив және билайн. Соларды кеше үй сатамын деп «Крыша» сайтына іліп қойыпты. Сосын түні бойы мазалады. Ол сайтқа хабарласып, нөмірлерді алдырттым. Басқа да көптеген нөмірлер звондайды. Үндемей тұрады. Екі күннен бері осы сияқты арандату бағытындағы нәрселер жалғасып жатыр, — дейді ол.
Оның айтуынша, шағымды қабылдаған прокуратура оны полицияға жіберетінін айтқан.
14 ақпанда таңертең Азаттық тілшісі Орал қалалық прокуратурасына хабарласқанмен жауап ала алмады.
«Қазақстаннның демократиялық партиясын» құру туралы бастама көтерген саясаткер Жанболат Мамай бұған дейін әділет министрлігіне бастамашыл топты тіркеп, 22 ақпанда Алматыда партияның съезі өтетінін хабарлаған еді. Ол бірнеше аптадан бері сьезд қарсаңында аймақтардағы белсенділерге қысым күшейгенін мәлімдеп келеді.
14 ақпанда таңертең Мамай Қостанайда съезге баруға жиналған Гүлмира Рақымжан есімді белсендіні полицейлердің пойыздан түсіріп қалғанын жазды.
Жанболат Мамай қысымға байланысты прокуратураға шағымданғанмен жауап әзірге келмеді дейді. Азаттық әзірге прокуратурадан жауап ала алмады.