Қазақстандықтар қандай жағдайда 10 миллион теңге алатыны белгілі болды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Соңғы үш жылдың ішінде республика бойынша 99 миллион теңгенің сыйақысы төленген, пара туралы хабар бергендердің басым бөлігі оңтүстікте тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара туралы хабар берген адамдарға сыйақы беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімшілік-құқықтық департаменттің бас сарапшысы Ерік Бішібековтың айтуынша, пара немесе залалдың сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен (2 651 000 теңге) аспаса, онда сыйақының көлемі бұрынғы деңгейде қалады, яғни, хабар берген адамға 30-100 АЕК (79 530 – 265 100 теңге) беріледі. Ал параның сомасы 1000 АЕК-тен артық болса, сыйақының мөлшері сол ақшаның 10 процентін құрайды.

«Мысалы, сомасы 5 миллион теңге болатын пара беру фаткісі туралы құқық қорғау органдарына хабар берген адамға осы соманың 10 пайызы, яғни 500 000  теңге сыйақы ретінде беріледі», — деді Бішібеков арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, үкіметтің арнайы қаулысы 4 ақпанда рәсімделген. Ал 15 ақпанда осы құжат күшіне енеді. Сыйақының ең жоғары мөлшері 10 600 000 теңге көлемінде белгіленіп отыр.

Тағы оқыңыз: 1424 нөміріне хабарласып, қалай ақша алуға болады – қазақстандықтар білуі тиіс ақпарат

«Ақпарат шындыққа сай болғанда ғана сыйақы беріледі. Ол бірден төленбейді. Алдымен қылмыстық іс қозғалады. Соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін сыйақы төлеуге заңды негіз болады. Содан 15-30 күннің ішінде сыйақы беріледі. Хабар берген адамдар мемлекеттің қорғауында болады және олар туралы ақпарат құпияға жатады», — деп атап көрсетті Бішібеков.

Ресми ақпаратқа сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде республика бойынша 708 адамға 99 миллион теңгенің сыйақысы төленді. Пара туралы хабар бергендердің басым бөлігі оңтүстікте – Қызылорда, Жамбыл мен Түркістан облыстарында тұрады.



sputniknews.kz