Бас прокурордың орынбасары қазақстандықтарға үндеу жасады
Қысқа сілтеме алу
Болат Дембаев азаматтарды Қордайдағы оқиға жайында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырды
АЛМАТЫ, 12 ақпан – Sputnik. Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында еліміздің барлық тұрғынына үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Бас прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Бас прокурордың орынбасары 2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты бірқатар қылмыстық іс тергеліп жатқанын жеткізді. Кінәлілерді анықтап, заңмен жауапқа тарту шаралар жүргізілуде.
Дембаевтың айтуынша, 7 ақпанда Жамбыл облысында қақтығыс туралы жекелеген тұлғалар болған оқиғаларды бұрмалай отырып, ұлттық негіздегі құқыққа қарсы әрекеттерге шақыру арқылы жалған ақпаратты қасақана таратып жатыр.
«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бейне және аудиоматериалдарды жүктеу фактілері, соның ішінде Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты емес материалдарды тарату арқылы өңір мен елдегі ұлтаралық тұрақтылыққа қауіп төндіретін фактілер тіркелуде», — делінген хатта.
Құқық қорғау органдары желіде арандатушылыққа барған авторлардың кім екенін анықтады. Оларға Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі (азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
«Алматы қаласында 1990 және 1987 жылдары туған екі азамат Facebook әлеуметтік желісінде зорлық-зомбылық жасауға шақырған. 2020 жылдың 9 ақпанында Тараз қаласының 1983 жылы туған тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы осы тектес шақырулар таратқан», — деді Дембаев.
Қазақстан Конституциясының 39-бабы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген іс-әрекеттерге тыйым салады.
«Осы талапты бұзу ұлттық араздықты және алауыздықты қоздыру жөніндегі қасақана іс-әрекеттер (Қылмыстық кодекстің 174-бабы), жаппай тәртiпсiздiкке не азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (Қылмыстық кодекстің 272-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады», — делінген үндеуде.
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиғалар бойынша тергеу барысы мен нәтижелері туралы шынайы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, ішкі істер және прокуратура органдарының ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Сондықтан бас прокуратура азаматтарды шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге шақырды.
«Прокуратура туралы » заңның 31-бабы негізінде бас прокурор, бас прокурордың орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.
Қордайдағы қақтығыс
7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, соңы тәртіпсіздікке ұласқан.
8 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Сол күні Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді. Он адам көз жұмды.
Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қордайдағы оқиғадан кейін 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.
10 ақпанда президент Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев пен Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков қызметінен босатуды тапсырды.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен алынып, орнына Бердібек Сапарбаев тағайындалды.
sputniknews.kz