Нұр-Сұлтанда тағы екі көше біржақты болады

0

Елорданың полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасымен бірге екі көшеде бір бағытты қозғалыс енгізу туралы шешім қабылдады

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. 15 ақпаннан бастап Нұр-Сұлтандағы Рамазан және Әубәкір Ысмайылов көшелерінде біржақты қозғалыс енгізіледі.

Елорда әкімдігіне тұрғындар тарапынан аталмыш көшелерде қозғалыс қиындағаны туралы көптеген өтініш келіп түсті. Нәтижесінде полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасымен бірге жолдың техникалық жағдайына шолу жасап, бір бағытты қозғалыс енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Рамазан және Әубәкір Ысмайылов көшелеріндегі қозғалыс сызбасы

Көлік қозғалысын сағат тілімен ұйымдастыру жоспарланған, атап айтқанда, біржақты қозғалыс Рамазан көшесінің бойымен шығыс бағытта және Әубәкір Ысмайылов көшесімен батыс бағытқа қарай ұйымдастырылады. Енгізілетін өзгерістерге байланысты құзыретті органдар жүргізушілерден жол ережесін сақтап, сапарды алдын ала жоспарлауды сұрайды.

 



sputniknews.kz