Ыдырысова депутаттардың неге шаршап отыратынын айтып берді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

10 0 0

Заң жобасы бойынша партиялық тізім бекітілгенде 29 жасқа дейінгі кандидаттар мен әйелдердің үлесі 30 проценттен кем болмауы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Әділет министрлігінде саяси партиялар мен сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Кандидаттардың жас ерекшелігіне қатысты түзету қызу талқыға салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы бойынша партиялық тізім бекітілгенде 29 жасқа дейінгі кандидаттар мен әйелдердің үлесі 30 проценттен кем болмауы тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауында да дәл сондай талап сақталуы шарт. Алайда мандаттарды партияның өзі таратады.

Әділет министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, экс-сенатор Серік Ақылбай кандидаттардың жас ерекшелігін 35 жасқа дейін көтеру керек деп санайды. Себебі 29 жасқа дейін олар қажетті өмірлік тәжірибе жинап үлгермейді.

«Мен өзім судья болдым, бұрынғы сенатормын. Әріптестер дұрыс айтады, мәжілісте, әсіресе, сенатта өмірлік тәжірибесі бар адамдар отыру тиіс. Неге біз 29 жасқа қадалып қалдық? Нақты негіз де жоқ. Осы мәселеге жүйелі түрде қарау қажет. Мәселен, мәжілісте отырған 29 жастағы бала халықпен кездесті дейік. Ал оның барлық сұраққа жауап беруге тәжірибесі жете ме? Мен өзім 60 жасымда барлық сұраққа жауап бере алмадым. Меніңше, біздің заң шығару органымызды балабақшаға айналдыруға болмайды. Жас ерекшелігін 35 жасқа дейін көтерген дұрыс», — дейді Ақылбай.

Ал «Келісу» кәсіби медиаторлар одағының директоры Сара Ыдырысова өмірлік тәжірибесі бар кейбір депутаттардың ұйықтап отыратынын еске алды.

«Қазір интернетте ондай видеолар көп. Біздің «ұлы» депутаттарымыз ұйықтап отырады. Меніңше, оларды толығымен жаңарту қажет. Сосын 60-70 жастағы жолдастарымызды парламентке өткізбеу керек. Енді, олардың арасында мықтылар да бар. Дегенмен, жасы келген адамдар, көп жағдайда, шаршап отырады, бай өмірлік тәжірибесі болса да, басқа нәрсемен айналысқаны дұрыс», — деді Ыдрысова.

Тағы оқыңыз: «Депутат ұйықтап отыр ма?»: Владислав Косарев жауап беруге дайын – видео

Оның ойынша, депутаттардың жалақысын азайтып, барлық жеңілдігін алып тастаса, парламенттің кәсіби деңгейі көтеріледі. Себебі ондай жағдайда жұмысқа халыққа шын жүректен жұмыс істегісі келетін азаматтар келеді.

Тоқаевтың ұсынысы

Өткен жылдың соңында президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсыныс жасаған болатын.

Атап айтқанда, мемлекет басшысы «партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30% квотаны қарастыру және саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету қажет екенін ерекше атап өтті.

Осыған орай, әділет министрлігі тиісті заң жобаларының тұжырымдамаларын әзірледі. Олар:

  • «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңның жобасы;
  • «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.



sputniknews.kz