Қазақ күресінен жарыстар кестесі жарияланды

0

Спорт

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Бұған қоса, қазақ күресінің атауы өзгеретіні және ол мектеп бағдарламасына енгізілетіні белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. Қазақ күресі федерациясы 2020 жылда өтетін жарыстардың кестесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Іс-шаралар тізімі:

  • 18 сәуір — «Бала Балуан» республикалық турнирі. Нұр-Сұлтан қаласы, «Жекпе-жек» сарайы;
  • 30-31 мамыр аралығы —  «Халық Барысы» республикалық турнирі. Оған жас шамасы 18-50 аралығындағы спортқа жарамды кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Алматы қаласы, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені;
  • 4 шілде — «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі. Нұр-Сұлтан қаласы, «Жекпе-жек» сарайы;
  • 9-13 қараша күндері — ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты. Атырау қаласы;
  • 2 желтоқсан — «Еуразия Барысы» әлем кубогы. Алматы қаласы, «Алматы Арена» мұз сарайы.

Қазақ күресінің атауы өзгереді

Қазақ күресі федерациясының президенті Дәурен Абаевтың айтуынша, бүгінде ғалымдар қазақ күресіне қатысты терминдерді зерделеуге тапсырма берілді. Негізгі мақсат – бейтарап атау арқылы ұлттық күресті әлемдік деңгейге көтеру.  

«Сонымен қатар, төрешілер мен жаттықтырушаларға арналған ғылыми-әдістемелік нұсқаулықтар жарық көреді. Қазақ күресінің ережесі жинақталған видеонұсқаулық түсіріліп жатыр. Ол жерде әрбір әдіс бүге-шүгесіне дейін видеомен көрсетіледі», — деді Абаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, жылдың соңына дейін қазақ күресінің даму картасы жасалады.

Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіледі

Қазақ күресі федерациясының 2016-2021 жылдарға арналған даму стратегиясы бойынша ұлттық күресті мектеп бағдарламасына енгізу көзделген.

Жоспарға сәйкес, 5-11 сынып оқушылары кәсіби тұрғыда дайындалса, 1-4 сынып оқушылары тек акробатикалық әдістемесін ғана үйренеді.

Осыған орай, биыл жаңа оқу жылынан бастап Нұр-Сұлтанның бес мектебінде пилоттық жоба негізінде қазақ күресі дене шынықтыру пәніне енгізіледі.

Бүгінде 100 сағаттық оқу бағдарламасы әзірленді. Онда күреске қатысты барлық материал қамтылған.

Әзірше қазақ күресі вариативті пән ретінде енгізіліп отыр, яғни оқушылар оған өз қалауына қарай қатысады.

Ал мамандар тапшылығы шешілгеннен кейін міндетті пән болады. Оған шамамен 3-4 жылдай қажет. Мамандар арнайы академияда даярланады.



sputniknews.kz