Наурызбай Тағанұлы бас мүфти болып сайланды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, бас мүфти болып Наурызбай Тағанұлы сайланды деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты. Жаңа мүфти 7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚМДБ-ның кезектен тыс 9 құрылтайында сайланды.
Наурызбай Тағанұлының кандидатурасын осыған дейін ҚМДБ-ны басқарған Серікбай Ораз ұсынды. Құрылтай делегаттары оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
ҚМДБ сайтындағы ақпаратқа сәйкес, құрылтайға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та қатысып, Серікбай Ораздың үш жыл ішінде «атқарған жұмысын жақсы бағалаған».
Наурызбай Тағанұлы 1977 жылы 13 наурызда туған. Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтын, ҚМДБ жанындағы Ислам институтын бітірген. Египетте діни білімін жетілдірген.
Бұған дейін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтандағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы қызметін атқарған.