Қазақстан мен Қытай арасында пошта байланысы да үзілді
«Қазпошта» ұлттық компаниясы 6 ақпанда Қытайға сәлем-сауқаттың барлық түрін жіберуді тоқтатты. Компания шектеу шарасын Қытайдың пошта әкімшілігінің бастамасымен байланыстырады. Желтоқсан айынан бері Қытайда жаңа коронавирус тарап, кемінде 563 адам көз жұмған.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайдан келетін хаттар мен сәлем-сауқат арқылы коронавирус жұқпайды деп мәлімдеген. ..Ұйым коронавирус ағзадан тыс ортада дамымайды, сол себепті жұқтыру қаупі жоқ дейді. Қытайдың пошта әкімшілігінің бастамасы бойынша Қытай мен Қазақстан арасында пошта байланысы, көлік, әуе, темір жол байланысы үзілді» делінген хабарламада.
Пошта байланысына жауапты қазақстандық оператор Қытай ғана емес, Қытай арқылы баратын елдерге де (Бангладеш, Бруней, Бутан, Мьянма, Камбоджа, Малайзия, Моңғолия, Непал, Лаос, Солтүстік Корея, Таиланд, Шри-Ланка, Филиппин, Тайвань) тапсырыс қабылдамайтынын айтады.
Бұл шектеу шарасының қашанға дейін созылатыны белгісіз.
Қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында Қазақстан Қытайға қатынайтын жолаушылар автобусы мен пойыздарды, әуе рейстерін тоқтатқан.
Оқи отырыңыз: «Коронавирусты емдейтін дәрі әлі табылған жоқ»
Қытайда вирустың таралуына байланысты бірқатар елдер шектеу шараларын енгізген. Соңғы дерек бойынша, Қытайда 28 мыңнан астам адамға вирус жұққан.
ДДСҰ бұған дейін халықаралық төтенше жағдай жариялаған.
Видео: Коронавирус туралы не білу керек?