Елордада VIII Азаматтық форум өтіп жатыр

0

Форумның жұмысына елі­міз­дің барлық өңірінен келген 850-ден аса делегат қатысуда. Екі күнге созылатын жиын барысында азаматтық қоғамды дамы­ту саласында қомақты тәжірибе жинақтаған 100-ден аса кәсіби сарапшы, Парламент депутаттары, министрлер, қоғам белсенділері баяндама жасайды деп күтілуде. Осы уақыт аралығында форумнан форумға дейінгі кезеңдегі жинақталған ортақ мәселелерді тал­қылап, шешілу жолдарын қа­рас­тырумен қатар, ел азамат­тарының әл-ауқатын жақсартуға арналған тиімді жобалар жайында да айтылмақ. 

Форумның ашылуында сөй­леген сөзінде Қоғамдық даму ми­нистрі Дархан Кәлетаев осы жиын азаматтық қоғам дамуының ба­ғыт-бағдарын айқындауға мүм­кіндік беретіндігін атап өтті. Фо­рум екі жыл сайын өтке­німен, бұл алаңдағы тал­қы­ланған, шешім тапқан мәселелер елімізде азаматтық қоғамның дамуына серпіліс беріп келеді.

– Биыл форум Елбасының қатысуымен де маңызды бола түспек. Екіншіден, форумда әрі қарайғы тіршілігімізді анық­тай­тын өзекті мәселелердің бетін ашып аламыз. Бізге уәкілет­ті ор­ган ретінде қандай да бір нор­мативтік-құқықтық құжаттарды немесе қандай да бір саяси ше­шім­­дерді қабылдамас бұрын қоғам­­ның пікірін білу маңызды, – деді Д.Кәлетаев.

Осы арадан сәл шегініс жаса­сақ, өткен тарихымыздан азамат­тық қоғамның Ұлы далаға жат емес­тігіне көз жеткіземіз. Оның негізгі құндылықтары мен дәс­түрлері кешегі қазақ қоғамында қалыптасқан. Өркениеттің, ашықтықтың, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» ұғымының қа­­зақ жерінен басталғандығын мең­­зейтін ұтымды жақтары Елба­сының жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты құн­ды мақаласында көрініс тапты.

Ал жаңа заманда, дәлірек айт­қанда 2000 жылы Мемлекет бас­шысының «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға» атты Қазақ­стан халқына арнаған Жолдау­ында Үкіметке үкіметтік емес ұйым­дарды құру туралы алғашқы тап­сырмалар берілді. Міне, сол уа­қыттан бастап, өсіп-өніп, жетіл­ген, мол тәжірибе жинақтаған ұйымдар бүгінде әбден кемелденген шаққа жетті. 

Бұл бағыттың маңыздылығы форумның «Мен сенемін 2.0» TEDx түріндегі әлеуметтік жоба­лар конференциясымен ашы­луында-ақ аңғарылды. Заман­дас­тардың тарихын жеткізу арқылы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді, қоғамдық жаңғырық тудырған оқиғаларды баяндаушылар еш іркіліссіз ашық әңгіме айта білді. Бір ескерерлігі, ортаға шығып өз тәжірибелерімен бөліскен спи­керлердің дені әлеуметтік желі ар­қы­лы қоғамдық пікір туғыза алатын және туғызып та жүрген жандар еді.

Мәселен, әнші Ақмаржан Кө­шер­баева алдымен жұртшы­лыққа «Қыз тағдыры» атты бейнебая­нын көрсетіп алып, содан соң тастанды балалар, ерте жүктілік, жастардың денсаулығын қорғау және сақтау мәселелері бойынша ой толғады. Әрбір ойын нақты оқиғалармен байланыстыра білді. 

Ал «Мама PRO» коворкингтік және жаттықтыру орталығының негізін қалаушы Айжан Әлжанова ерекше балаларға қамқорлық жайын, «Көк жайлауды қор­ғайық» белсенділер тобының қаты­су­шысы Дмитрий Жуков осы табиғи демалыс алаңына байланысты ахуалды, сондай-ақ мемлекеттік және муниципалдық бюджеттің орындалуын бақылау және ашық­тығын қадағалау жөніндегі жоба жетекшісі Шолпан Әйтенова мен басқалары да өздері таңдаған, қолға алған салалары бойынша ақпараттарымен бөлісті. 

Ал Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева белгілі журналист Дана Нұржігітпен делегат­тар ал­дындағы сұхбатында азаматтық сектордың келешегі туралы әңгі­ме өрбітті. 

«Қазіргі таңда әлемдік саясатта, қоғамдық бастамаларда әйел­дердің белсенділігі туралы көп айтылады. Бұл ретте, біздің елдегі жағдай қандай деп ойлайсыз?» деп сұрақ қойды Д.Нұржігіт. 

Қойылған сауалға жауап берген Аида Балаева жалпы, әйелдер – мемлекеттің тірегі екенін атап өтті.  «Бұл туралы әрдайым Мем­ле­кет басшысы да айтып келеді. Елбасы өз сөзінде «істі әйелдерге тапсырған дұрыс, себебі олардың жауапкершілігі мол» деп айтып отырады. Сондықтан әйел­дердің жауапкершілігі мен ең­бек­қорлығы мол екенін айта кету керек. Бүгінгі таңда барлық әйелдер қандай жұмыспен айналысуды жөн деп тапса да барлық жағдай жасалған. Ер бол­сын, әйел болсын еліміздегі жауап­кершілігі мол кез келген азамат өз мақсатына жете алады. Мем­лекеттік қызметте де, жур­на­­лис­тикада да, үкіметтік емес ұйым­­­дарда да барлық салада. Сон­­дық­­тан әйелдер, әлбетте – мем­­ле­­кет­тің тірегі», деді А.Балаева.

Сонымен қатар Дана Нұржігіт азаматтық секторды күтіп тұр­ған өз­герістерге қатысты Аида Ба­лаева­­ның пікірін сұрады. «Менің ойымша, өзгерістер күні ертең бас­талып кетуі керек. Тіпті бүгін де… Себебі менің есептеуім­ше, осы форумдағы біздің кездесу көп­теген маңызды әрі әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге бағытталған нақ­ты шараларды әзірлеуге мүм­кіндік береді. Тиісінше, бұл шаралар өте тиімді болуы керек. Өйт­кені бәрі де бір-бірін өзара ақпа­рат­тандырып іс атқарса, мақсат орын­далады. Біздің осылай жи­на­лып, мәселелерді талқылауы­мыздың маңызы зор, деп жауап берді А.Балаева.

Сондай-ақ А.Балаева бұл форум бұған дейінгі басталған жұ­мыс­тарды жетілдіре түсуі тиісті­гін, еліміздегі тұрақтылық, бейбіт­шілік пен тыныштық, халық­тың әл-ауқатының жақсы болуы сияқты негізгі құндылық­тар халықты біріктіре түсетінін, әлеуетті Қазақстанды құру жо­лындағы мақсат-міндеттер­ді жүзеге асыру барша қазақстан­дық­тарға ортақ іс екенін жеткізді. 

Жалпы, форум аясында осындай маңызды ойлар мен құн­ды пікірлер айтылатын семинарлар, шеберлік сыныптары, дөң­гелек үстелдер, пікірталас алаң­да­ры, министрліктер мен ведомство­лар басшыларымен салалық кез­десулер форматындағы тақы­рып­тық сессиялар 35 алаңда өтуде. 

Осы орайда, жан-жақтан келген делегаттармен де тілдесудің сәті түсіп, Азаматтық форумнан қан­дай нәтиже күтетіндіктерін біл­ген едік. 

Сұлтан Картоев, «Невада-Се­мей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті (Шығыс Қазақстан облысы):

– Мен үшін бұл форумның маңызы ерекше. Өйткені мен 2003 жылы қазан айында өткен ең алғашқы Азаматтық форумға да қатысқанмын. Содан бергі уа­қытта елімізде азаматтық қоғам­ның қалыптасып, дамуына белсене араласып келемін. Мемлекет басшысы еліміздің жетістіктерге жетуі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» бірлік қажет екендігін ұдайы айтып отырады. Оған қоса, азаматтық қоғам, бизнес пен биліктің күш біріктіруі қажет екендігін үнемі еске салып келеді. Сондықтан осы жолғы форумда қоғамымыздың осы үш тармағының алдағы уақытта бірлескен іс-қимылдарын жандандыра түсетін шешім қабылданады деген ойдамын. Өйткені кез келген мемлекеттің дамуы ха­лық­тың ауызбіршілігіне тікелей бай­ланысты. 

Қайдарбек Құрмашев, «Ақ­жол-Махамбет» мүгедектер қоға­мының жетекшісі (Атырау облысы):

– Мен форумға Атырау облысы Махамбет ауданынан келіп отырмын. Ал қоғамдық бірлес­тігі­мізді 2016 жылы құрдық. Қа­зір­­гі уақытта Елбасының тіке­лей қолдауымен біздің өңірде үкі­­мет­тік емес ұйымдарға мемле­­кет тарапынан барынша көмек беріліп келеді. Бүгінгі­дей жағ­дайда жақсының жақсы­лығын да айтып өткен абзал. Мәсе­лен, біздің Махамбет ауданын­дағы үкіметтік емес ұйымдар­дың жұмыстары жанданып, аяқ­та­рынан тұра бастады. «Ақжол-Махамбет» мүгедектер қоғамы ауылдық жердегі қолдауға зәру мүгедектердің құқықтарын қорғауды міндетіне алған. Жаны жабырқау жандар мен атқарушы билік арасында көпір болуға тырысып келеміз. Атап айтқанда, қазір ауылдық жерлерде І және ІІ топтағы мүгедектерге жұмыс табыла бермейді. Жұмыс берушілер де оларды жақындатуға құлықсыз. Алайда, мүгедектерді жұмыспен қамтуға Елбасының өзі тапсырма берді емес пе!? Оларды арнайы мамандықтарға оқытып, білім­дерін жетілдіру кім-кімге де аса салмақ болмайды. Біздің аудан­да қазір пандустар салына баста­ды, алғашқы «Инватакси» көлігі алынып жатыр. Қазір осындай қам­қорлықтың арқасында аудандағы 989 мүгедектің көбі еңселерін кө­теріп, қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне бастады. Мұның бар­лығы – Президентіміздің қам­қор­лығының нәтижесі. 

Форумның бүгінгі жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы жоспарланған. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»