Түркістан облыстық сотының судьясы парамен ұсталғаны хабарланды
Түркістан облысы сотының судьясы Әшірбек Рахымбаев пара алу кезінде ұсталғаны хабарланды. Бұл туралы 4 ақпанда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Аркен Абдуғали айтты.
Аркен Абдуғалидің мәліметінше, 31 қаңтарда судья Рахымбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметі бірлесіп пара алу кезінде ұстаған. Облыстық соттың судьясы сотталушының жазасын жеңілдету үшін «пара алды» деген күдікке ілінген. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары басталғаны хабарланды. ҰҚК дерегінше, күдікті өз кінәсін толық мойындаған.
Мәлімдемеде Рахымбаевтың нақты қанша сомада пара алғаны айтылмайды. Түркістан облыстық сотының дерегінше, 1959 жылы туған судья Әшірбек Рахымбаев 1996 жылдан бері Түркістан облыстық сотында (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық соты – ред.) судья болып жұмыс істейді.
Бұған дейін, 30 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының төрағасы пара алды деген күдікпен қамалған.
Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады. Қазір билік жемқорлықпен сотталғандарды шартты жазамен босатуға шектеу қою жағын қарастырып жатыр.
2020 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр.
Былтыр қараша айында жемқорлық бойынша айыпталған Алматының Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясына 116 мың доллар көлемінде айыппұл салынған.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, былтыр қазақстандық судьяларға қатысты 11 қылмыстық іс қозғалған, алты іс сотқа жіберілген. Күдікке ілінген судьялар Қостанай, Түркістан, Маңғыстау облысы мен Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеген.