Қазақстанның бірқатар өңірінде төтенше жағдай жариялануы мүмкін

0

Қазіргі уақытта елорда мен Шығыс Қазақстанның екі ауданында қардың көптігіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген

НҰР-СҰЛТАН, 4 ақпан – Sputnik. Республиканың бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Бұл туралы ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Беккер қазір елорда мен Шығыс Қазақстанның екі ауданында қардың көптігіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгенін атап өтті. Айтуынша, жағдай тұрақталғанша бұл режим сақталады.

«Ақмола облысында да төтенше жағдай жарияланады деп болжап отырмыз. «Қазгидромет» мәліметінше, 1 ақпандағы жағдай бойынша Ақмола облысында қар көлемі нормадан 50% артық. Солтүстік облыстарда – Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, сонымен қатар Қарағанды облыстарында жағдай күрделі», — деді Беккер үкіметте БАҚ өкілдеріне.

Комитет төрағасының ақпаратына сәйкес, бүгін таңертең 13 өңірде дабылды ескерту жарияланған. 23 автокөлік жол учаскесі, соның ішінде респубикалық маңыздағы 13 тас жол таңғы сегізге дейін жабық болды.

«Қазір республикалық маңыздағы барлық учаске ашық. «Қазгидрометтің» алдағы аптаға жасаған болжамы көңіл көншітерлік емес, ауа температурасы көтеріліп жатыр. Әрине, мұның арты бұрқасын мен боранға әкеп соғады», — деді Беккер.

Ол Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында жаңбыр жауғанын, сондықтан қазір жолда көктайғақ екенін айтты. Сол себепті төтенше жағдай қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Тағы оқыңыз: Күн күрт жылынады: алдағы күндерге ауа райы болжамы шықты



sputniknews.kz