Украина Иранның ұшақ апаты құрбандарының отбасына ұсынған өтемақысына келіспейді

0

Тегеран «Украина халықаралық авиажелісі» компаниясының Boeing 737-800 жолаушы ұшағын Иран зымыранмен атып құлатқанда қаза тапқан әр украиналықтың отбасына 80 мың доллардан өтемақы ұсынды. Бірақ мұны жеткіліксіз деп санайтын Киев өтемақыдан бас тартты. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский ТСН телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«Қазаға ұшыраған күйеуі отбасының жалғыз асыраушысы болғанын, өзі жұмыссыз, ал баласын университетте оқытқысы келетінін айтып отырған әйелге 80 мың доллар тым аздық етеді» деді Зеленский.

Ол Украина Ираннан бұдан да көп өтемақы талап ететінін айтқанымен, нақты мөлшерін атамады. Бұған дейін Украина билігі ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына 200 мың гривнядан (сегіз мың долларға жуық) төлеген. Қазір әуетасымалдаушы төлеуі тиіс өтемақы мәселесі қаралып жатыр. Бірақ АҚШ санкциясы сақтандыру компанияларының Иранмен жұмысына кедергі келтіріп отыр дейді Зеленский.

8 қаңтарда Киевке ұшып шыққан «Украина халықаралық авиажелісі» компаниясының Boeing 737-800 жолаушы Тегеран әуежайынан көтеріле бере құлап, борттағы 176 адам қаза тапты. Ұшақта жеті елдің азаматтары, соның ішінде 11 украиналық болған.

Әуелде Иран билігі «ұшақты зымыран атып түсірді» деген тұжырымды жоққа шығарып, «апатқа техникалық ақау себеп болды» деп мәлімдеген. Бірақ бірнеше күннен кейін зымыран шабуылы болғанын дәлелдейтін видеолар пайда болғаннан кейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы «ұшақты қателесіп атып түсіргенін» мойындады.

Azattyq