министр жалақыға қатысты жағымды жаңалықпен бөлісті
Министр елдегі ең төменгі жалақыны көтеру және ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарау керек екенін айтты
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақыны көтерудің әртүрлі жолдарын қарастырып жатыр. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс шегі де қайта қаралмақ. Бұл туралы ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Елдегі ең төменгі жалақыны көтеру керек. Қазір оны кезең-кезеңмен арттырудың түрлі жолдарын қарастырып жатырмыз. Әзірге, 2023 жылға қарай Қазақстанда ең төменгі жалақы сол кезеңде қалыптасқан орташа жалақының 30 процентінен кем болмауы тиіс деген нұсқаны есептеудеміз», — деді министр үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Нұрымбетов ең төменгі жалақыны өсіру ел экономикасына оң мультипликативті әсер беретінін атап өтті.
«Жеке өз басым ең төменгі жалақыны көтеру шарасынан барлығы ұтатынына сенімдімін. Өйткені ол бюджет шығындары мен қосымша шығыстарға қарамастан, барлық жалақының өсуіне алып келеді. Ең төменгі жалақыны өсіру, бұл, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттігі өседі деген сөз. Бұл жалақы шетелге кетпейді, азаматтар елде жұмыс істеп, тауар сатып алады, осылайша қаражат экономикаға, бизнеске қайта оралады», — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Нұрымбетов ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарастыру қажет екенін айтты.
«Мемлекеттік статистиканың мәліметінше, былтыр бізде халықтың жан басына шаққандағы табысы номиналды түрде 103 мың теңгені құрады. Дегенмен, бұл да төмен. Сондықтан министрлік өз алдына бірқатар міндет қойып отыр. Біріншіден, ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарастыру қажет», — деді министр.
Тағы оқыңыз: Министр зейнетақы жинағының тең жартысын кімдерге алуға болатынын айтты
Айтуынша, 2016 жылы ғылыми еңбек ұйымы зерттеу жүргізіп, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегін есептеу әдістемесі халықаралық стандарттарға сай деген қорытынды жасаған. Алайда, министр күнкөріс шегінің құрылымы мен мөлшерін қайта қарастыру қажет екенін жеткізді.
sputniknews.kz