Министр зейнетақы жинағының тең жартысын кімдерге алуға болатынын айтты
Президент үкімет пен ұлттық банкке кезең-кезеңімен осы мүмкіндікті беруге болатын азаматтардың санын арттыруды тапсырған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Қазақстанда екі категорияға – жұмыс істейтін азаматтар мен зейнет жасына жеткендерге зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік берілуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағына қатысты үкіметтің ұсыныстарына толығырақ тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Біріншіден, жұмыс істеп жүрген азаматтарға «жеткіліктілік шегінен» асатын соманы жеке мақсатта жұмсауға мүмкіндік беру. «Жеткіліктілік шегі» деген әр азаматтың қордағы жинағының сомасы өмірінің соңына дейін елдегі ең төменгі зейнетақыдан кем емес зейнетақы алып тұруға жетуі тиіс. Оны ешкім белгілемейді, есептеу керек», — деді Нұрымбетов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Екінші категория, министрдің сөзінше, зейнет жасына жеткендер. Қазір бұл азаматтар зейнетақы қорындағы ақшасын тек ай сайын ғана ала алады.
«Біз оларға зейнетақы жинағының 50 процентін беруді ұсындық. Бір ғана шартпен: ол кісінің қорында қалған ақшасы және мемлекет тарапынан алатын базалық зейнетақысы мен еңбек зейнетақысын қосқанда, ең аз дегенде, табысының 40 процентінен кем болмауы керек», — деп түсіндірді ол.
Ведомство басшысы зейнетақы реформасы жөніндегі жұмыс тобының ұсыныстарын президент әкімшілігі қарап, мемлекет басшысына ұсынылғанын айтты. Президент жалпы ұсыныстарды қолдап, оны іске асыру жөніндегі тетіктерін әрі қарай пысықтау туралы тапсырма берді.
«Біздің мақсат жинақтардың бәрін таратып беру емес, азаматтардың қарттығын қамтамасыз ету, жалақысын көлеңкеден шығару. Президент үкімет пен ұлттық банкке кезең-кезеңімен осы мүмкіндікті беруге болатын азаматтардың ортасын кеңейтуді тапсырды», — деді Нұрымбетов.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда бала үш жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленуі мүмкін
Министрдің ақпаратынша, қазір зейнетақы қорында қазақстандықтардың 10,4 миллиард теңге жинағы, 9,9 миллион зейнетақы есепшоты бар.
Салымдардың мөлшеріне келсек, 53%-і — 500 мың теңгеге дейін ғана. 16%-і 500 мың мен 1 миллион теңгенің арасында. 15%-і – 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін.
«Яғни, салымшылардың 84 процентінің жинақтары 2 миллион теңгеге дейін ғана. Осыны ескере отырып, үкіметтің ұсынысы – жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру. Оған бірнеше себеп бар. Біріншісі, ол, әрине, біздің жинақтаушы жүйе әлі жас, 21 жыл ғана болды. Дамыған елдерде мұндай жүйенің қалыптасуына 35-40 жылдай керек. Екіншіден, халықтың табысының төмендігі. Үшіншісі, зейнетақы жарналарының төленбеуі. Келесі проблема, инвестициялық табыс», — деді министр.
sputniknews.kz