Денсаулық сақтау министрі коронавирусқа қатысты үндеу жариялады — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында Қытайдағы коронавирустың өршуіне байланысты республика тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Достар, коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты, симптомдар пайда болған жағдайда: дене қызуы, жөтел және тыныс алудың қиындауы, тұрғылықты мекен-жайы бойынша өз дәрігеріңізбен хабарласуларыңызды немесе 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақыруларыңызды сұраймыз. Коронавирус бойынша қосымша ақпаратты анықтау үшін сіз біздің мамандарымызға тәулік бойы 1406 нөміріне қоңырау шала аласыз.
Осы симптомдар байқалған жағдайда дәрігерге қаралуды тездетіңіз!
Біздің еліміздің эпидемиологтары, инфекционистері мен дәрігерлерінен құралған команда біздің барлығымыздың қауіпсіздігі үшін тәулік бойы жұмыс істейді. Біз қажетті көмекті уақытында көрсету үшін қажетті барлық жағдайды жасаймыз.
Сондықтан да медиктерге олардың еңбегі үшін алғыс айтқым келеді. Нағыз қауіптің ортасында жүрген солар! Үлкен рахмет!
Айта кету керек, Қытаймен мемлекеттік шекара арқылы өтетін барлық пункттерде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді, оның барысында ағымдағы жылдың 6 қаңтарынан бастап барлығы 20 мыңнан астам адам қаралды.
Барлық халықаралық өткізу пункттерінде тепловизорлар орнатылған. Олар тұрақты, әдетте жолаушылар үшін байқалмайды. Бірақ әрбір өтетін адам сканерленеді. Бұл дегеніміз, егер өтіп бара жатқан жолаушының температурасы нормадан жоғары болса, онда автоматты түрде мамандардың экрандарында қызыл белгі пайда болады және дыбыс сигналы жүреді. Маман жолаушыны оқшаулау үшін шекарашыларға ақпарат береді. Бұдан әрі біздің қызметкерлер медкабинеттерде алғашқы тексеру жүргізеді.
Бүгінгі таңда елімізде жекелеген бокстарда ЖРВИ белгілері мен температурасы бар 78 адам ауруханаға жатқызылып, оқшауланды, олардың 32-і жазылып шықты, стационарларда медициналық бақылауда 46 адам қалып отыр.
Алматыда аса қауіпті инфекциялар ғылыми ұлттық орталығы базасында Ұлттық биотехнологиялар орталығымен бірлесіп, ДДҰ әдістемесіне сәйкес коронавирустың генетикалық диагностикасы жолға қойылған, қазіргі уақытта барлық зерттеулер жүргізілуде.
Айта кету керек, қазіргі уақытта жағдайдың 99 пайызы — ЖРВИ, талдау нәтижесінен кейін көрсетілген.
Республикада демеуші терапия үшін барлық қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бар, дәрігерлік және орта медициналық персонал және жұқпалы ауруханаларда оқшаулауға арналған бокстары бар орындар дайындалды.
Маскалар бойынша қазіргі таңда жеткілікті резерв бар екенін хабарлаймыз. Медициналық мекемелер толық қамтамасыз етілген. Біздің бастамамыз бойынша ведомствоаралық штабта жергілікті жерлердегі дәріханаларды бақылау қажеттілігі туралы осы мәселе айтылды. Біз облыс және қала әкімдерінен жергілікті бизнесмендерді қосымша маскалар шығаруға және импорттауға шақыруын өтіндік», — делінген хатта.
stan.kz