Коронавирус жайлы жалған ақпарат таратты деп күдікке ілінген дәрігер ұсталды
Коронавирус жайлы жалған ақпарат таратты деп күдікке ілінген дәрігер ұсталды деп хабарлады 30 қаңтарда кешке Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция дерегінше, 1980 жылғы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында істейтін А. есімді азамат әлеуметтік желіде коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан. Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, дәрігер «Алматыда 70 адамға коронавирус жұққаны туралы хабарлама» таратқан. Ол «шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқанын мойындап, ісіне өкінген».
Қылмыстық кодекстің 274-бап 2-бөлім («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
30 қаңтарда Қазақстандағы жағдайды баяндаған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 38 адамнан коронавирус белгілерін іздеп жатыр, олар ауруханада жатыр деп мәлімдеген еді.
Бұған дейін Қазақстан билігі вирус ошағы Ухань қаласында қалған қазақстандық 98 студентті эвакуациялау үшін Қытай үкіметімен ақылдасып жатқанын, арнайы борт дайын тұрғанын хабарлаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың таралуына байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Дегенмен ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус халықаралық іс-сапарлар мен саудаға шектеу қоюға негіз жоқ деген.
Қытайдан тыс аумақта вирусты жұқтырғандар саны 100-ге жетті. 18 елден вирус табылған. Қытайдың өзінде вирусты жұқтырғандар саны он мыңға жуықтап, кемінде 213 адам өлген. 12 мыңнан астам адамнан коронавирус белгілерін іздеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Қытайдағы вирус бой бермей тұр. Қазақстан сақтық шараларын күшейтті