Қазақстанның бас санитары бетперде киюге кеңес берді
Қысқа сілтеме алу
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, желдету жүйесі нашар және адам көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ медициналық ұйымдарға барғанда міндетті түрде бетперде кию керек
НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин бетперде киюге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Біріншіден, респираторлық вирус жұқтырған азаматтармен араласқанда бетперде киген жөн. Сосын желдету жүйесі нашар және адам көп жиналатын жерлерде таққан дұрыс. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдарға барғанда міндетті түрде бетперде кию керек. Далада бетперде киюдің қажеті жоқ», — деді Бекшин үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитар жеткізу қызметтері арқылы Қытайдан сәлемдеме алдырту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жаңа коронавирус қоршаған ортада көп өмір сүрмейді, ары кетсе, бір тәулік. Ал оған қолайлы ауа температурасы плюс 36-37 градус.
«Сондықтан бұл індет тек жануарлар мен адамдардың денесінде ғана тұра алады. Тағаммен таралуы мүмкін емес. Ал бізге Қытайдан жіберілетін тауарлар екі-үш күн жүріп келеді. Ол – бір. Екіншіден, бас кезінде жаңа коронавирус адамнан адамға жұқпайды деген. Енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамнан адамға жұғады деп мәлімдеді. Сол себепті біз бетперде киюге кеңес береміз», — деп атап көрсетті Бекшин.
Айта кетейік, бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дене қызуы көтерілген төрт қазақстандық ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеді. Олар Қытай Халық Республикасынан ұшып келген, барлығынан қан сынамасы алынды. Үш тәуліктің ішінде жан-жақты диагностика жасалады.
Қытайдағы коронавирус
Қытайда 2019 жылдың желтоқсанынан бастап белгісіз коронавирустың таралуына байланысты ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы «жауып» тастады.
Бірінші болып Ухань қаласы «жабылды». Себебі қауіпті індет 11 миллионнан астам тұрғыны бар осы қаладан тараған болатын.
«Қорқынышты»: Қазақстан студенттері Уханьда не боп жатқанын айтты – видео
Карантин жарияланған қалалар арасында Чиби (534 мың адам), Эчжоу (1,08 миллион адам), Хуанган (7,5 миллион адам), Сяньтао (1,6 миллион адам), Чжицзян (550 мың адам), Цяньцзян (963 мың адам), Хуанши (2,7 миллион адам), Эньши (809 мың адам) мен Сяньнин (2,5 миллион адам) бар.
Бүгінгі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 106 адам көз жұмған. Бұған қоса, бұл ауру басқа елдерге де тарай бастаған.
sputniknews.kz