Зейнетке шығумен құттықтау тілектер, тақпақтар, зейнеткерлікке шығарып салу сценариі қазақша

0

Құрметті қонақтар, мектеп ұжымы! Бүгінгі кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз «әркімнің өз дара жолы бар» екенін, оны кәсіби шеберлікті шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шығып және ісінен айқын көрініп тұратынын, өзі үшін емес өзгелер үшін, жас ұрпаққа және әріптестеріне, еліне, ұлтына берер пайдасы туралы дәріптеу. Ұстаздар бойындағы мүмкіндіктің ашыла түсуіне, шабытына шабыт қосуға, өзіне ғана тән адами қасиеттерін әріптестерімен бөлісу. Бүгінгі кейіпкеріміз, біздер үшін Аққала орта мектебіне еңбегін сіңірген бастауыш сынып мұғалімі, құрметті ұстаз, қадірлі де асыл ана, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отырған Қансұлу Жұмабайқызының дара жолына арналған кешімізге қош келдіңіздер!

— Қансұлу Жұмабайқызын құрметпен ортаға шақырамыз.

— Қансұлу апай, қош келдіңіз, Ұстаз есімі әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — ұстаз. Ұстаз деген сөз қазақ баласы үшін қасиетті де қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған»немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Сіз осы ұстаздық жолды таңдадыңыз. Ұстаздық, мұғалімдік, бұл — ең қиын әрі қызықты мамандық. Осы мамандықты таңдау сыры туралы айтып берсеңіз.

— Отбасыңыз жайлы қысқаша мәлімет бере аласыз ба?
(бұл жерде отбасы туралы слайдтар жүріп тұрады)
Жақсы апай, осы жерде әңгімеміз әдемі ойысып келе жатыр, сізге арнап, осы жердегі көрермендерге арнап бір ән тыңдайық, содан кейін әңгімемізді жалғастырамыз.

— Сіз де шәкірт болып мектеп табалдырығын аттадыңыз.
— Сіздің сыныптасыңыз Айқын Нұрманқызын балалық шақтан естелік айтуға ортаға шақырамыз. Айқын апай қош келдіңіз. Шәкірттік өмірлеріңізден әңгімелеп берсеңіздер.
(осы жерде балалық шақтан, оқушылық кездегі фотолардан слайдтар)
Шәкірттеріңіздің құттықтауын қабыл алыңыз. (5 сынып оқушылары)

— Осы мектепке алғаш келген жылдарыңыз туралы айтып берсеңіз.

— Өзіңізбен бірге осы мектепте жұмыс жасаған ұстаздардың ұстазы Күнжамила апай, Күлима апай, арамызда қонақта отырған көшбасшы ұстаздардың бірі, өзіндік дара жолы бар, 20 жылдан астам уақыт мектеп директоры қызметін атқарған Нажімеден ағай, бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастаған замандастарыңыз Ғалия Қарымсаққызы, Гүлжан Айтуғанқызы, Нағима Жексенқызы ортамызда отыр. Осы қонақтарымыздан бір естелік сұрайық.
— Сіздерге сұрақ, Осыдан 30 жыл бұрын — Қансұлу Жұмабайқызы қандай мұғалім еді?
(осы жерде артта жас кездегі ұстаздық жолдан фотослайдтар жүргізіледі)

— Сіздің шәкірттерді тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатудағы, жас буынға дұрыс бағыт — бағдар беру жолындағы еңбегіңіз ұшан теңіз деп білеміз. Сіздің осы көп жылдық қызметіңізде есіңізде сақталып қалған шәкіртіңіз бар ма? Болса әңгімелеп берсеңіз. (шәкірттерімен түскен фотосуреттерден слайдтар)

— Бүгінде сіздің сол оқушыларыңыз түрлі мамандық иесі атанып отыр. Сіздің алдыңыздан өткен шәкірттеріңіздің бірқатары ұстаздық жолын таңдап, еңбек етуде. Сізді бүгін құттықтауға келіп отырған сол шәкірттеріңіздің бірі, бүгінгі күні осы білім ошағын басқарып отырған басшы Нұртас Оразұлы. Өзіңіздің алдыңыздан шәкірт болып өтіп, көп жылдар өзіңізбен бір ұжымда ұстаздық етіп жүрген шәкіртіңіз Гүлнафис Маратқызы және бүгінде өнер саласында еңбек етіп жүрген шәкіртіңіз Рафаэль Демеуұлы. Бүгінгі сіздің дара жолыңызға арналған кештің келесі сөз кезегін осы шәкірттеріңізге берсек. Қош келдіңіздер!
(болса алыста жүрген шәкірттерінен құттықтау видеоролигі)
(Шақырылған қонақтар ортаға шығып сөз сөйлегеннен кейін, Рафаэльден жеке орындауда өлең сұрау)

— Апайға арналған дара жолды жасап жатырмыз. Көп әңгімелер айтылды. Ұстаз, құрбы ретіндегі Қансұлу апайдың ең басты қасиетін атап өтсеңіздер деп ортаға Бастауыш сынып бірлестігін шақырамыз.

— Бүгінгі салған дара жолы жайлы айтылған ұстаз Қансұлу Жұмабайқызының құрметіне шәкіттері 9 сынып оқушыларының құттықтауын қабыл алыңыздар.

P. S
Апай, Сізге қорытынды ретінде қоятын сұрақтарымыз бар. Соларға қысқа нұсқа жауап берсеңіз.
1. Сіз ашуланасыз ба? Қандай сәттерде?
2. Ұстаздық ұстанымыңыз…
3. Бүгінгі таңда сіз бағындырған белес?
4. Қандай жағдайлар сізді өкпелетеді?
5. Сіздің мінезіңіз қандай?
6. Кімге сыр айтасыз?
7. Мұғалімнің бойында қандай қасиет басым болу керек?
8. Болашаққа деген сеніміңіз?
9. Бүгінгі күні ұстаз болмағанда сізден кім шығар еді?
10. Бастауыштың керегесі, босағасы, тұтқасы неде деп ойлайсыз?
11. Бүгінгі кеш көңіліңізден шықты ма?
Рахмет апай! Бұл көп жылдар бастауыш сынып мұғалімі боп ұстаздық еңбек еткен Қансұлу Жұмабайқызының дара жолы болатын. Өмірде әркімнің өз жолы бар, алайда оны дара ету әркімнің өз қолында деп кешті аяқтағым келеді.

Зейнетке шығумен құттықтау тілектер
Зейнет жасқа жетіп кепсіз зымырап,
Бірақ қимыл әлі жастай шымыр — ақ.
Еңбегіңіз зейнет болсын ендігі
Күндеріңіз мұң салмасын қырындап.

Талай күндер төккен термен өткен күн,
Қуаныштың нәрі көктен сепкен күн.
Талай жылдар тағылымы толысып,
Еңбектен соң зейнет келіп жеткен күн.
Еленді еңбек қуанышты бәріміз,
Зейнет жаспен құлпырады сәніңіз.
Жалынды жас кейпін әлі сақтапсыз,
Қуанышқа ортақ кіші — кәріміз.

Осы жасқа жеткен де бар, жетпеген…
Жаратқанның нұры сізде көктеген.
Зейнет жастың бар қызығын көрсетсін,
Көңіл деген көркем кейіп көк дөнен.

Зейнет жас та құтты болсын, Ағайым,
Мына өмірде көрдің қиын талайын.
Қиын белдер артта қалып бақ келсін,
Қара шаштың ақ шалмасын самайын.

Еңбегіңіз еленіп құрметті демалысқа шыққан қуанышты күніңіз құтты болсын! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз аз емес. Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай — сырқамай немере, шөберенің ортасында аяулы әже деген атты иеленіп жүре беріңіз! Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын!

Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет! Қуанышыңыз құтты болсын! Еңбек демалысыңыздың әр күні шалқыған шаттыққа, отбасы — Отанда, ұл — қыздардың ортасында балқыған бақытқа толсын! Өмір жолыңыз ұзақ болып, көрген бейнетіңіздің зейнеті 100 есе, 1000 есе болып денсаулық, бақыт, байлық алып келсін! Жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей ғұмыр тілеймін!

Қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеттіңіз! Қуанышыңыз ұзағынан болсын! Ағайын — туыстың құрметіне, қосағыңыздың үлдесі мен бүлдесіне, немере мен шөберелердің шу — күлкісіне, ұл — қыздарыңыздың жеңісті шақтарын көрген шаттықтың бақытты сәттеріне бөленген әдемі ғұмыр кешіңіз!

Аққала орта мектебі
Тақырыбы: «Дара жол»
Бастауыш сынып мұғалімі Хасанова Қансұлу Жұмабайқызының зейнеткерлік жасқа толуына орай мектеп ұжымы, мектеп оқушылары, зейнеткер ұстаздардың қатынасуымен кездесу кеші
Дайындаған: Г. Есқайырова