Қытайдағы коронавирустан 80 адам қайтыс болды
Қытай билігі қауіпті жаңа коронавирустың тез тарап, вирус жұқтырғандар көбейіп бара жатқанын хабарлады. Соңғы мәлімет бойынша, елде 2300-ден астам адамға вирус жұғып, 80 адам қайтыс болған.
26 қаңтарда Қытай денсаулық сақтау министрі Ма Сяовэй «жаңа вирустың таралуы күшейіп», ел «қауіпті кезеңге аяқ басты» деп мәлімдеген. Сяовэйдің сөзінше, адамдардың жүріп-тұруына қойылған шектеу және өзге де қатаң сақтық шаралары «аз шығынмен және мейлінше жылдам жүргізілсе» нәтижелі болады.
26 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Пекинге барып, коронавирус жайын Қытай шенеуніктері және денсаулық сақтау саласы мамандарымен талқылауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Вирус жұқтырғандар Қытайдан өзге Тайланд, Австралия, АҚШ, Канада мен Францияда анықталған. Бірақ адам өлімі әзірге тек Қытайда ғана тіркеліп отыр. АҚШ, Франция мен Жапония өз азаматтарын эвакуациялауға дайын екенін хабаралды.
25 қаңтарда Қытай президенті Си Цзиньпин елдің «жаңа коронавирустың жылдам тарауына байланысты күрделі жағдайға тап болғанын» айтқан. Қытайда бірнеше қала жабылып, қоғамдық көлік, әуе рейстері мен өзге де көлік қатынасы тоқтады.
Қытайдың туристік ассоциациясы барлық туристік агенттіктер топпен саяхаттау турларына билет сатуды уақытша доғаруы тиіс деп хабарлады.
Коронавирустан қайтыс болғандардың басым көпшілігі – 50 жастан асқан деп хабарлады шенеуніктер. Кей жағдайда ауру белгілері сырттай байқалмайды, ал кей жағдайда суық тигендегідей, адамды жөтел қысып, денесі қалтырайды. Ауру асқынған кезде тыныс алу қиындап, пневмонияға ұласып, науқас қайтыс болып кетуі мүмкін.