«Миымды улап тастады». Сирияда «ИМ» террор тобында болған, кейін елге оралған жігіттің хикаясы

0

СОТТАЛҒАН ЖАУЫНГЕР: МИЫМ УЛАНЫП ҚАЛДЫ

Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласының тумасы, 24 жастағы Николай Лазаренко қазір Қарабас ауылындағы орта қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеп жатыр. Лазаренко екі жылдан астам уақыт бойы «Ислам мемлекеті» террор тобының құрамында болған. 2019 жылы мамырда Қазақстан арнаулы қызметінің көмегімен «Жусан» операциясы аясында елге оралып, тұтқындалған. Қыркүйек айында сот оны «террор тобының қызметі мен терроризм іс-әрекетіне қатысу» бабы бойынша айыпты деп тауып, сегіз жылға соттаған.

Бойы ұзын, мығым денелі Николай Лазаренко ашық мінезді адам боп көрінді. Ол Азаттыққа сұхбат беруге және өзін суретке түсіруге келісім берді. Лазаренко қазір радикалды діни көзқарасы өзгергенін, басынан өткен жағдайды әбден ой елегінен өткізгенін айтады. Өзінің сөзінше, Сирияда жүрген кездің өзінде терроршылар тобына қосылғысы келген достары мен таныстарын райынан қайтара бастаған.

Лазаренко тоғызыншы сыныптан кейін колледжге автомеханик мамандығы бойынша оқуға қабылданған. Бірақ үшінші курстан соң отбасындағы қаржы мәселесіне байланысты оқуын тастап кеткен. Колледжде жүргенде ислам дініне ықыласы ауып, көп ұзамай мұсылмандықты қабылдаған. Наубайханада ұн елеуші, күзетші болып істеген, елдің бірнеше аймағында құрылыс және жөндеу жұмыстарымен айналысып, күнелткен. Лазаренко бұрын-соңды заң алдында жауапқа тартылмаған, бойдақ, зиянды әдеттен де аулақ болған. Спортпен айналысып, анасы және әжесімен бірге тұрған. Бірнеше жыл бұрын исламды қабылдағаннан кейін ол дін туралы ілімін достары мен әлеуметтік желі арқылы толықтыра бастаған. Мешітте алған ілімі жеткіліксіз көрініп, интернеттен орыс тілінде уағыздар тыңдаған. Уақыт өте келе қарулы жихадқа шақырған радикалды уағызшыларға тап болған. Николайдың сөзінше, анасы ұлы бөтен біреулердің айтқанына еріп, туыс-жақынын тастап, жат елге соғысуға кетеді деп мүлде ойламаған. Николай Қазақстаннан кетерде үйдегілерге «Магаданға жұмысқа бара жатырмын» деп өтірік айтқан.

— 2013 жылы Сәтбаев пен Жезқазғаннан Сирияға кеткендер көп болды. Сол жақта жүргенде көп танысымды көрдім. Эмоцияға бой алдырып, қателік жасадық деп ойлаймын. Уағызшылар қолдан келгенше көмек көрсетуге, сол жаққа баруға немесе қайырымдылық қорын құруға шақырды. Сәтбаев жамағатында (исламды бірлесіп үйрену мақсатында құрылған мұсылмандар бірлестігі; кей мемлекеттерде бұл сөз астыртын террористік қызмет мағынасында қолданылады — ред.) жүзден астам адам болды. Бәрі бірдей Сирияға барғысы келген жоқ. Бәрі жанашырлық танытқанымен, қарулы жихадты тегіс қолдаған жоқ. Өзім де ұзақ уақыт бір шешімге келе алмадым. Кетсем, кейін қайтар жол жоғын жақсы түсіндім. Шынымен радикалды насихат құрбаны болдым, миым уланып қалды. 2013-2016 жылдары Сирия мен Иракта «мұсылмандарды қудалап, әйелдерді зорлап, балаларды бауыздап, үйлерді өртеп» жатқаны туралы видеолар көрдім, дәрістер тыңдадым. Соған сеніп қалдым. Ішімде ашу-ыза пайда болды. Қазір сол видеолар психикаға әсер ету үшін қолдан құрастырылған деп ойлаймын, — дейді Николай Лазаренко.

Бұрынғы жауынгер «Ислам мемлекеті» террор тобының насихатын желілік маркетингпен салыстырады. Лазаренко Қазақстанда, Дубай мен Египетте кәсібі бар ықпалды, бай қазақстандықтардың насихат жүргізіп отырған жамағаттармен байланыста болғанын айтады. Николайдың сөзінше, өздерін «жеңіске жетеміз, оның артында бізді жетістік күтіп тұр» деп сендірген.

СИРИЯҒА САПАР

Николай 2016 жылы жазда Сирияға кету үшін ақша жинай бастаған. Төлқұжат жасатып, қалай баратынын жоспарлап, байланысуға болатын адамдар іздеген. Сол жылы қараша айында Түркияның Стамбул қаласына ұшып барып, Қазақстан азаматтарын Сирияға жіберумен айналысатын адаммен байланысқан. Николай сияқты шеттен келгендер Түркияда әйелдер мен ерлерге арнап жалға алынған пәтерлерде топтасып тұрған. Оларға көшеге шығуға тыйым салған, ал бір айдан кейін Сирияға жіберген.

Сирияда бірінші ай идеологиялық, кейін тағы бір ай әскери дайындықтан өткен. Осыдан кейін ғана жаңадан келгендер қарулы содырлар қатарына қосылған. Оларға шөл мен тауда қаруды қалай қолдануды үйреткен. Николай халықаралық бөлімге түсіп, ол жерде көп қазақстандықты кездестірген. Лазаренко граната лақтырушы қызметін атқарған. Кейінірек бұл бөлімді ең қауіпті жер – Сирияның солтүстігіндегі Ракка қаласын қорғауға жіберген.

Николай анасымен төрт айдан кейін бір-ақ байланысқа шыққан. Бұл уақытта анасы мен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Лазаренконың соғыс аймағына кеткенін біліп үлгерген. Анасы ұлын елге қайтуға көндірмек болған, бірақ Николай оған соғысқа қатыспай, тек қаланы қорғап жүргенін айтып, жұбатқан. Мамыр айында қаланы АҚШ-пен серіктес күрд жасағы қоршауға алып, бұл операция төрт айға созылған.

— Бізге күрд жасағы келе жатқан тұстың координаттарын көрсетіп, қайда ату керегін айтып отырды. Кейде олар шабуыл жасайды, біз қорғанамыз, кейде біздің тарап шабуыл бастайды, ал біз ауыр қарудан атып көмектесеміз. Белсенді әрекетке көшіп, кейін шегініп отырдық, бізді орталыққа қарай ығыстыра бастады. Қорқыныш пайда болды, бірақ шегінер жол болмады. Қаруын тастап кеткендерді түрмеге отырғызып, кейде өлім жазасына кесетін. Үнемі үстімізден бомбы жаудырып отырды. Бейбіт халықтың кейбірі ерікті түрде сол жерде қалды, — дейді Николай Лазаренко.

КҮДІК ПЕН ӨЛІМ ЖАЗАСЫ

Күрд жасақтарымен қақтығыс аяқталғанда, Лазаренконың көкейінде күдік туа бастаған. Оған өздерінің сөзі мен әрекетінің арасындағы қайшылық ұнамаған, ал қарулы топ басшылары өз мүдделерін ғана көздеген. Лазаренконың сөзінше, топтар арасында билік үшін күрес басталып, олар өз адамдарын сатқындыққа қиып, өлтіріп отырған. 2017 жылы қазан айында Ракка қаласы азат етілгеннен кейін, Николай мен қалған содырларды басқа жерге жіберген. 2018 жылдың басында арасында Лазаренко бар 15 қазақстандық азамат қашуға бел буған. Бірақ Түркияға жеткізетін адамдардың ақысын төлеуге ақшасы жетпеген.

— Бізге азық-түлік әкелетін саудагерлер кейде адамдарды шекараға жеткізумен айналысатын. Көп ақша бергендерді олар Сириядан алып шығатын. Кейде тұтқынға өткізіп жіберуі де мүмкін еді. Біреудің қалтасында ақшасы болды, біреу қару-жарағын сатты, кей содырларға достары мен жақындары ақша жіберді. Менің жағдайым нашар болды, анамнан ақша сұрауға ұялдым. Берілуге де қорықтым. Оның себептері де жоқ емес: Қазақстанға оралсам, не болар екен деген күдік болды; күрдтерге берілсем, мені Қазақстан арнаулы қызметінің қолына тапсырмай, өлтіріп тастамай ма деген ой да маза бермеді; бір жағынан ұсталып қалсам, өлім жазасына кесуі мүмкін өз адамдарымнан да қорықтым. Ол кезде адамдарды «топтап» өлім жазасына кесіп отырды, — дейді Николай Лазаренко.

Лазаренконың сөзінше, ол кезде «Ислам мемлекеті» террор тобының билігіне күмәнмен қарағандарды түрмеге отырғызып, өлтіре бастаған. Лазаренко да соғысқа қатысуды тоқтатқан кезде түрмеге түскен. Оның сөзінше, үш айда жүзден астам адамды өлтірген. Олардың қатарында қазақстандықтар да барын Николай түрмеге ілінген тізімнен көрген. Өлім жазасына кесілгендердің үшеуі – Лазаренконың Атырау мен Қарағандыдағы достары болған. Николайды түрмеден жарты жылдан кейін босатып, жаңа идеология бойынша курсқа жіберіп, содырлар қатарына қайта қосқан. Николай соңғы дәрісте өздеріне уағыз айтып отырған адамның «Осының бәрі дұрыс емес» дегені үшін түрмеге түскенін еске алды.

Бір кездері соғыс қимылдары тоқтап, кейін қайта жалғасып отырған. Бірде бомбылау басталған. Террористер басып алған аумақ босатылады деген хабар тараған. Николай сол сәтте бәрі беріле бастағанын айтады.

— ИМ террор тобының арнаулы қызметі бізді ойлауға шамасы келмей, өз жанын сақтап қалуға жанталасып бақты. Жанымда бір дағыстандық жігіт болды. Оның қолында 800 доллар бар екен. Маған жолсерікпен бірге күрдтер бақылауындағы аумаққа жетіп алуға 300 доллар берді. Ол жерде не тұтқынға түсіп, не ары қарай өтуге келісуім керек еді. Күрдтерге жеткен соң, олардың қолына берілемін деп шештім. Сол кезде «Қазақстан өз азаматтарын соғыс аймағынан әкетіп жатыр, түрмеге ұзақ уақытқа отырғызбайды екен» деген ақпарат тарай бастады. Ағам мен досыма хабарласып, анам мен билік өкілдеріне күрд жасағының қолына берілгенім туралы айтуды сұрадым, — дейді Николай Лазаренко.

2019 жылы ақпанның 12-сі күні Николай күрдтер жасағына берілген. Мамыр айында «Жусан» операциясының екінші кезеңі барысында, Қазақстанның арнаулы қызметі Николайды басқа қазақстандықтармен бірге елге жеткізген. Лазаренко тергеуге көмектескен. Ол бәрін ой елегінен өткізіп, бұрынғы көзқарасынан толықтай бас тартқанын, өмірін жаңаша бастағысы келетінін айтады. Түрмеде ағашты оюмен өрнектеуді үйреніп жүр, цехқа жұмысқа тұрған. Исламнан бас тартпаған, бірақ қазір дәстүрлі ағымды ұстанады. Түрмеде Николай сияқты радикалды діни көзқарастың ықпалына түскендермен теологтар жұмыс істейді.

РЕСМИ БИЛІККЕ ҚАРСЫ ЖИХАД

Айыптау нұсқасына сәйкес, Николай Лазаренко 2016 жылы Сирияның «Ислам мемлекеті» террор тобының бақылауындағы аумаққа ресми билік пен халықаралық қарулы күштерге қарсы жихадқа қатысу мақсатында кірген. Ресейдің Омбы қаласына жетіп, ол жерден Түркияның Стамбул қаласына ұшқан. Тергеу барысында тұлғасы анықталмаған басқа азаматтармен бірге Николай Сирия шекарасына жақын жерде орналасқан, «Ислам мемлекеті» террор тобының қатарына қосылуға ниеттілерді аттандыратын бейресми орын – Антакия қаласына барған. Ары қарай басқа азаматтармен бірге діни және әскери дайындық курстары өткен Идлиб және Ракка қалаларына жеткен. Физикалық және әскери-жауынгерлік дайындықтан өткеннен кейін «Ислам мемлекеті» террор тобының қатарына қосылған. 2017 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында Лазаренко ИМ террор тобының қызметіне белсенді араласып, Ракка қаласын содырлардан азат етпекші болған Сирия әскері мен халықаралық қарулы күштерге қарсы соғысқан. Ракка содырлардан азат етілгеннен кейін, Николай Лазаренко ИМ террор тобының тірі қалған өзге адамдарымен (олардың қатарында қазақстандықтар да бар) бірге (Сирияның шығысында орналасқан) Дейр-әз-Зор өңіріне барып, 2019 жылға дейін террорлық іс-әрекеттерді жалғастырған.

2019 жылдың басында «Ислам мемлекеті» террор тобының идеологиясынан көңілі қалған Николай Лазаренко Қазақстанға оралудың жолын іздей бастаған. 2019 жылы ақпанда ол терроршылар бақылауындағы аумақтан сытылып шығып, әл-Хасак қаласына жақын жердегі «Сирия демократиялық күштерінің» (Сирияның солтүстік-шығысындағы аумаққа иелік ететін күрд жасақтары – ред.) қолына берілген. 2019 жылы мамыр айында «Сирия демократиялық күштері» Лазаренконы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдеріне тапсырған. Сотта Николай Лазаренко өзіне тағылған айыпты толық мойындап, басынан өткен жағдайды түгел баяндаған.

«Жусан» операциясы аясында 6оо-ден астам азамат Қазақстанға оралған, олардың 400-і — балалар.

Azattyq